Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Қызылорда қаласының кейбір аудандарында жарықтың өшуіне байланысты шұғыл жиын өткізді, деп хабарлайды «Азаттық-Ньюс» Ақпараттық агенттігі.
Толассыз жауған жауын мен қолайсыз ауа райы салдарынан облыс орталығының кейбір аудандарында жарық сөніп қалған. Жиында қала әкімі мен орынбасарларына, облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасы мен «Қызылорда электр тарату компаниясы» АҚ басшылығына ақауларды шұғыл қалпына келтіру жөнінде тапсырма берілді.
«Демалыс күндері тұрғындар мұндай қолайсыздықтарды сезінбеуі керек. Жұртшылық жарық, су, газды әсіресе, осы күндері белсенді тұтынатын болғандықтан, жарықтың өшкені қаншама жұмысқа қолбайлау болуда. 109 қызметіне түскен хабарламалар бойынша апатты жою қызметі тез арада тиісті іс-қимылға көшіп, барлығын қалпына келтіруі керек. Екі сағаттың ішінде ақауларды жөндеңіздер», – деді НҰРЛЫБЕК НӘЛІБАЕВ.
Жиында сала басшыларының ақауды қалпына келтірудегі әрекетсіздігіне сын айтылды. “Қызылорда электр тарату тораптары компаниясы” АҚ басқарма төрағасы Б.Қаракөзовке, пайдалану жөніндегі орынбасары-бас инженер Ш.Рахышевқа, қалалық электр тораптары басқармасының директоры Е.Каленовке қатаң сөгіс берілді.