Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Жаңақорған ауданына жұмыс сапарында «МАИ бекеті» мөлтек ауданындағы 300 орындық мектептің ашылу салтанатына қатысты, деп хабарлайды «Азаттық-Ньюс» Ақпараттық агенттігі.
Аймақ басшысы тұрғындарды жаңа білім ордасының пайдалануға берілуімен құттықтап, Мемлекет басшысының қолдауымен жүзеге асқан, алдағы уақытқа жоспарланған жұмыстарға тоқталды. Соның ішінде өскелең ұрпақтың болашағы мен игілігі үшін атқарылған істердің ауқымы зор.
– Жыл басында өздеріңізбен кездесіп, жаңа мектепті табыстағанымызға қуаныштымыз. Білім саласының бюджетін биыл 291 млрд теңгемен бастадық. Бұл қаржы жыл соңына дейін тағы да артады. Салада ауқымды жобалар сәтті жүзеге асырылуда. Президент бастамасымен «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында облыста 21 мектеп бой көтереді. Бүгін табысталған жаңа білім ошағынан алдыңғы буынның ізгі жолын жалғаған білімді, талантты шәкірттер шығатынына сеніміміз мол. Санасы сергек, ойы ұшқыр, бәсекеге қабілетті оқушыларымыз көп болсын!», – деді Қызылорда облысының әкімі НҰРЛЫБЕК НӘЛІБАЕВ.
Ашылу рәсімінде нысан құрылысын салған мердігер мекеме қызметкерлері мен басталған іске жанашырлығымен, елеулі еңбегімен үлес қосқан кент тұрғындары марапатталды.
Іс-шара соңында қонақтар мектеп ғимаратын аралап көрді.