«Hi Tech» жедел-профилактикалық іс-шарасы: Қызылордада интернет алаяқтықтың алдын алу жұмыстары күшейтілуде

Azattyq-news
3 Min Read

Ақпараттық технологиялардың қарқынды дамуы қоғам өмірін жеңілдеткенімен, интернет пен ұялы байланыс арқылы жасалатын алаяқтық қылмыстарының көбеюіне де жол ашып отыр. Бүгінде алаяқтар азаматтардың сеніміне кіріп, түрлі айла-тәсілдерді қолдану арқылы олардың жеке деректері мен қаржысын заңсыз иемденуге тырысуда. Осындай құқық бұзушылықтардың алдын алу, тұрғындардың құқықтық сауаттылығын арттыру және киберқауіпсіздік мәдениетін қалыптастыру мақсатында республика көлемінде ұйымдастырылған «Hi Tech» жедел-профилактикалық іс-шарасы Қызылорда қаласында да жүйелі түрде жалғасып келеді.

e37f3578 0f22 447c a0c8 8786c2d1b3b6

Іс-шара аясында Қызылорда қаласы Полиция басқармасы Криминалдық полиция бөлімінің жедел уәкілі, полиция капитаны Нәбиева Әсем Сейтқалиқызы Зағиптар қоғамы клубында мекеме қызметкерлерімен арнайы кездесу өткізді. Басқосуда қазіргі таңда қоғам үшін өзекті мәселеге айналған интернет және телефон арқылы жасалатын алаяқтық қылмыстары жан-жақты талқыланып, олардың алдын алу жолдары түсіндірілді.

Кездесу барысында полиция қызметкері соңғы уақытта кеңінен таралған киберқылмыстардың түрлеріне тоқталды. Алаяқтардың өзін банк қызметкері, құқық қорғау органы немесе мемлекеттік мекеме өкілі ретінде таныстырып, азаматтардың сеніміне кіруі, әлеуметтік желілердегі жалған жарнамалар арқылы арзан несие немесе жоғары табыс ұсынуы, интернет-дүкендердегі жалған сауда, сондай-ақ мессенджерлер мен телефон қоңыраулары арқылы жеке мәліметтерді алдап алу тәсілдері кеңінен түсіндірілді.

Әсіресе, көру қабілеті шектеулі азаматтардың цифрлық қауіпсіздігіне ерекше назар аударылды. Себебі мұндай санаттағы адамдар алаяқтардың арбауына жиі түсіп қалуы мүмкін. Осыған байланысты полиция қызметкері ақпаратты тек ресми дереккөздерден алу, күмәнді қоңырауларға сенбеу және кез келген қаржылық операция алдында жақындарымен немесе банк мамандарымен кеңесу қажеттігін атап өтті.

Кездесу барысында қатысушыларға жеке деректердің құпиялылығын сақтау мәселесі де кеңінен түсіндірілді. Атап айтқанда, банк картасының нөмірін, жарамдылық мерзімін, CVV-кодын, SMS арқылы келетін бір реттік растау кодтарын, электрондық қосымшалардағы құпиясөздерді ешкімге жарияламау қажеттігі ескертілді. Сонымен қатар белгісіз адамдар жіберген сілтемелерге өтпеу, күмәнді мобильді қосымшаларды жүктемеу және әлеуметтік желілерде жарияланған қаржылық ұсыныстарға сақтықпен қарау жөнінде нақты ұсыныстар берілді.

Полиция өкілі азаматтарға алаяқтардың психологиялық қысым көрсету, асықтыру немесе қорқыту әдістерін жиі қолданатынын айтып, мұндай жағдайда сабыр сақтап, әңгімені тоқтатып, ақпаратты міндетті түрде ресми ұйымдар арқылы қайта тексеруге кеңес берді. Егер күмәнді әрекеттер байқалса немесе алаяқтық белгілері анықталса, бірден полицияға немесе банкке хабарласу қажеттігі айтылды.

Шара соңында қатысушылар өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, нақты мысалдар негізінде құқықтық кеңестер алды. Мұндай кездесулер халықтың құқықтық мәдениетін арттырып қана қоймай, цифрлық қауіпсіздік дағдыларын қалыптастыруда маңызды рөл атқаратыны атап өтілді.

Қазіргі таңда киберқылмыспен күрес тек құқық қорғау органдарының ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ міндетіне айналып отыр. Азаматтардың қырағылығы, жеке мәліметтерді қорғау мәдениеті және цифрлық сауаттылығы – интернет алаяқтарының жолын кесудің ең тиімді құралдарының бірі.

Қызылорда қаласы Полиция басқармасы тұрғындарды сақтық шараларын қатаң сақтауға шақырып, күмәнді қоңыраулар мен хабарламаларға сенбеуге, жеке мәліметтерді бөгде адамдарға бермеуге және интернет кеңістігінде барынша мұқият болуға үндейді. Себебі қауіпсіздік – әр азаматтың өз қолында

Бұл мақаламен бөлісу
Пікір қалдыру