Париж олимпиадасының алтын жүлдегері Елдос Сметов өзінің досы Төреғали Төреәліге ерекше сыйлық жасады, деп хабарлайды “Азаттық-Ньюс” Ақпараттық агенттігі.
Спортшы ырымдап, әнші досының ұлдарына өзі жаттыққанда киген киімдерін сыйлаған.
Мұндай қуанышты сәтті әнші өзінің инстаграм парақшасында жариялаған.
“Саған Алла разы болсын. Бір-бірімізге деген қолдауымыз ешқашан бітпесін. Ақыреттік достар болайық. Маған өзі тапсырма берген ғой. Өзім жаттыққанда киген, өзім терлеген киімдерімді ұлдарына сыйлағым келіп тұр. Қазақ ырымшыл халықпыз ғой”, – деді Сметов.
Төреғали Төреәлі спортшы досына алғысын айтып, болашақта ұлдарының да чемпион болуын тіледі.
“Ұлдарыма жаттығуға киген киімдерін ырымдап беріп жатыр. Болашақта чемпиондардың әкесі болайын. Сіздер әумин деп қойыңыздар”, – деп жазды әнші.