«AMANAT» партиясы «Халықпен бірге!» деп аталатын Сайлауалды бағдарламасында балалардың еш кедергісіз білім алуы мен олардың денсаулығы назарға алынған, деп хабарлайды «Азаттық-Ньюс» Ақпараттық агенттігі.
Бүгін партияның облыстық филиалының төрағасы Алмасбек Есмаханов, партиялық бақылау комиссиясының төрағасы Нұркен Бақытбекұлы және партиялық бақылау комиссиясы жанындағы мониторингтік топ мүшелері Партиялық бақылау Комитетінің 27.08.2024 жылғы №006-4 қаулысы тармақтарын орындау барысында мектеп асханаларында тамақтандырумен қамтамасыз ету жөніндегі жұмысты ұйымдастыру, жай-күйін зерделеу мақсатында қалалық білім бөліміне қарасты №10, №222, № 179 мектептерде болып, мектеп асханаларындағы тегін ыстық тамақтың ұйымдастырылуына мониторинг жүргізді.
Бақылау жұмыстарына облыстық денсаулық сақтау басқармасы «Ана мен бала денсаулығын қорғау мәселелері жөніндегі» бөлімінің бас педиатры Ғазиза Сақтағанова, №1 қалалық емхананың дәрігер педиатры Айжан Қайранбаева және облыстық фтизопульманология орталығының ем-дәм мейіргері Гүлнар Тайшаева қатысты.
Жалпы бұл жұмыстар бойынша аталмыш мектептерге облыс бойынша білім беру ұйымдарында асхана және тамақтану сапасын бақылау жөніндегі ведомствоаралық сараптамалық топпен бақылау жасалып, кемшіліктер анықталған. Анықталған кемшіліктерге сәйкес оларды түзету бойынша ескертулер жасалған.
Бүгін партиялық бақылау комиссиясы жанындағы мониторингтік топ ең алдымен бұған дейін айтылған ұсыныстардың орындалуына зер салып, көзбен көрген кемшіліктер бойынша мектеп басшылығына және мектеп кәсіпкерлеріне қосымша ұсыныстарын берді.