Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың төрағалығымен өткен мәжілісте су тасқынының алдын алудағы құзырлы органдардың дайындығы талқыланды, деп хабарлайды «Азаттық-Ньюс» Ақпараттық агенттігі.
Аймақ басшысы Сыр өңірін су басу қаупі болмағанымен, апаттың алдын алу шараларын, оның ішінде құзырлы органдардың дайындығын пысықтау өзекті мәселе екендігін атап өтті.
«Өздеріңізге белгілі, көктемгі су тасқынынан 10 облыста төтенше жағдай жарияланды. Тұрғын үйлер, кәсіпкерлік және әлеуметтік нысандар су астында қалып, елді мекендер арасындағы автокөлік жолдары жабылды. Бұл көлемі жағынан соңғы 80 жылдағы ең ірі табиғи апат болып танылды. Тасқынның алдын алу мақсатында менің тапсырмама сәйкес өңірлік штаб құрылып, су басу қаупі бар 29 аймаққа 364 арнайы техника мен 1102 адам күші бар 116 жауапты мекеме бекітілді. Сең жүру кезінде су шаруашылығы мамандары, төтенше жағдай саласының қызметкерлері және жергілікті атқарушы органдар кезекшілік ұйымдастырып, Түркістан облысының шекарасынан бастап Арал теңізінің құяр сағасына дейін мұздың қауіпсіз өтуін қамтамасыз етті», – деді НҰРЛЫБЕК МАШБЕКҰЛЫ.
Су тасқынының алдын алудағы құзырлы органдардың дайындығы туралы облыс прокурорының орынбасары Нұрболат Дүйсенбаев хабарлама жасады. Облыс прокуроры Ризабек Ожаров жергілікті мекемелердің дайындығына қатысты ұсыныс-пікірін жеткізді.
Мәжіліс қорытындысымен облыс әкімі алдағы 2024-2025 жылғы су тасқыны кезеңіне әзірлікті қазірден бастау қажеттігін ескертті. Осыған байланысты облыстық жұмылдыру дайындығы басқармасына су шаруашылығы нысандарына жұмыс тобы жүргізген зерттеу қорытындысымен ұсыныс енгізу тапсырылды. Қызылорда қаласы мен аудан әкімдері қажетті материалдық-техникалық қорды жеткілікті мөлшерде жинақтап, су басу аймақтарына жақын аумақтарға шоғырландыруы тиіс. «Қазсушар» мекемесі су тасқынын басқарудың ұзақмерзімді стратегиялық жобаларын Су ресурстары және ирригация министрлігіне ұсынуға жауапты болмақ. Ал, облыстық төтенше жағдайлар департаменті 2024 жылдың 30 қарашасына дейін қала және аудан әкімдіктерінің азаматтық қорғау қызметтерінің, күш-құралдарының дайындығын және материалдық қорын тексеруі қажет.
Еске салсақ, Сыр жұртшылығы су тасқыны болған аймақтарға белсенді түрде көмек қолын созуда. Республикалық қайырымдылық акциясына облыстың барлық мемлекеттік мекемелерімен қатар, ірі кәсіпорындар мен компаниялар, меценаттар, партия және Қазақстан халқы ассамблеясының құрылымдары, волонтерлер айрықша үлес қосты. Қызылорда облысынан еліміздің Қостанай, Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Атырау, Солтүстік Қазақстан облыстарына 738 адам, 216 арнайы техника жіберіліп, көмек көрсетілуде. «Торғай Петролеум» мұнай компаниясы 50 млн.теңге көлемінде гуманитарлық көмек берсе, ауыл шаруашылығы тауарөндірушілері 100 тоннаға жуық ақ күрішпен қамтамасыз етті. Қала және аудан әкімдіктері ұйымдастырған «Күшіміз – бірлікте» акциясына облыстың жанашыр азаматтары мен волонтерлер жұмылды. Жинақтау пункттері ашылып, су тасқыны басталғаннан бүгінгі күнге дейін Сыр өңірінен 150 млн. теңгенің гуманитарлық көмегі жөнелтілді.
Мұнан бөлек, облысқа Батыс Қазақстан өңірінен уақытша келген 103 оқушы мен 10 жетекшісі «Қамбаш» олимпиадалар және қосымша білім беру орталығына орналасырылып, 5 мезгіл ыстық тамақпен қамтамасыз етілді. Ал, Атырау облысының 100-ден аса тұрғыны Қызылорда қаласында орналастырылып, тиісті көмек көрсетілуде.