Қостанай облысында 57 жастағы ер адам 12 жасар немересін зорлап келгені белгілі болды. Бұл туралы «Немолчи.кз» қоғамдық қорының жетекшісі Дина Таңсәрі өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында жазды, деп хабарлайды «Азаттық-Ньюс» Ақпараттық агенттігі.
Дина Таңсәрінің айтуынша, 57 жастағы азамат – қыздың әжесінің азаматтық некедегі күйеуі.
«Ол қыздың әжесімен бірге 15 жыл бойы отасып келеді. Яғни, қызды дүниеге келген кезінен біледі. Биылғы жылдың қаңтарынан бері бірнеше рет сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық оқиғасы болған: басында қызбен сүйісуге әрекет жасаған, кейін қыздың киімінің ішіне қол жүгірткен, ең ақырында іш киімін шешкен», – дейді ол.
Арам ниетін іске асырмақ болған «ата» қызға бұл әрекеттерін біреуге айтса «анасына және өзіне жаман болатынын» деп қорқытқан. 13 сәуір күні ол әжесінің пәтерінде жеткіншекпен оңаша қалғанда үй ішінде тырдай жалаңаш шешініп тастап жүрген. Оның бұл қылығын қыз суретке түсіріп үлгерген. Кешке анасы келген кезде көрсетіп, болған жайтты жайып салыпты. Қыздың анасы дереу полицияға хабар берген.
Қазір күдікті қамауда. ҚР ҚК 121-бабы, 4-бөлігі бойынша, яғни кәмелет жасына толмаған балаға сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық көрсету бабы бойынша тергеу жүргізіліп жатыр, – деді Д.Таңсәрі.
Бір қызығы, жәбір көрген қыздың әжесі немересін емес, күйеуін қорғау үшін адвокат жалдаған екен.