Алаяқтардың арбауына түспеңіз!

Azattyq-news
2 Min Read

Цифрлық технологиялардың қарқынды дамуы адамдардың тұрмысын жеңілдеткенімен, интернет пен байланыс құралдары арқылы жасалатын алаяқтық қылмыстардың да көбеюіне ықпал етуде. Соңғы жылдары өзін банк қызметкері, құқық қорғау органы немесе мемлекеттік мекеме өкілі ретінде таныстырып, азаматтарды алдап соғу фактілері жиілеп отыр. Сондықтан қаржылық қауіпсіздік мәселесі бүгінгі қоғам үшін аса маңызды.
Сырдария ауданында тұрғындардың құқықтық сауаттылығын арттыру және интернет-алаяқтықтың алдын алу бағытында түсіндіру жұмыстары тұрақты түрде жүргізілуде. Мамандардың айтуынша, алаяқтар түрлі психологиялық тәсілдерді қолданып, азаматтарды асықтырып шешім қабылдатуға тырысады. Олар телефон арқылы хабарласып, «сіздің банк шотыңызға қауіп төніп тұр», «сіздің атыңызға несие рәсімделді» немесе «банктік операцияны растау қажет» деген сылтаулармен жеке мәліметтерді алуға әрекет етеді.

Көп жағдайда қаскөйлер банк картасының нөмірін, CVV-кодын, SMS арқылы келген бір реттік растау кодтарын сұрайды. Кейде белгісіз сілтемеге өтіп, қосымша орнатуды немесе жеке кабинетке кіруді талап етеді. Осындай әрекеттердің барлығы азаматтардың ақшасын заңсыз иемденуге бағытталған алаяқтық схемалары болып табылады.

Осыған байланысты тұрғындарға қарапайым қауіпсіздік қағидаларын қатаң сақтау ұсынылады. Ең алдымен, банк картасының деректерін, оның ішінде CVV-кодты және SMS арқылы келетін құпия растау кодтарын ешкімге хабарламаған жөн. Сондай-ақ белгісіз адамдар жіберген сілтемелерге өтпеу, әлеуметтік желілер мен мессенджерлер арқылы келген күмәнді хабарламаларға сенбеу қажет.

Егер телефон соққан адам өзін банк қызметкері, полиция немесе мемлекеттік органның өкілі ретінде таныстырып, жеке мәліметтерді немесе құпия кодтарды сұраса, әңгімені бірден тоқтатып, сол мекеменің ресми байланыс нөміріне өзіңіз хабарласқан дұрыс. Ешбір банк қызметкері немесе мемлекеттік орган өкілі азаматтардан телефон арқылы құпия ақпаратты талап етпейтінін есте ұстаған жөн.

Қазіргі таңда интернет-алаяқтықтың құрбанына кез келген адам айналуы мүмкін. Сондықтан әрбір тұрғын қырағылық танытып, ақпараттық қауіпсіздік талаптарын сақтауы қажет. Сонымен қатар егде жастағы азаматтарға, жастарға және жақындарыңызға алаяқтардың әрекет ету тәсілдері туралы түсіндіріп отырған абзал. Өйткені алдын алу – қылмыстың салдарын жоюдан әлдеқайда тиімді.

Қаржылық қауіпсіздік – әр азаматтың өз жауапкершілігінен басталады. Жеке деректердің құпиялығын сақтап, күмәнді қоңыраулар мен хабарламаларға сенбеу арқылы ғана өз қаражатыңызды қорғауға болады.

Сырдария ауданы полиция бөлімі тұрғындарды қырағы болуға, алаяқтардың арбауына түспеуге және күмәнді жағдайлар туындаған жағдайда құқық қорғау органдарына дереу хабарласуға шақырады.


Бұл мақаламен бөлісу
Пікір қалдыру