Аймақ басшысының орынбасары Шахмардан Байманов пен партияның облыстық филиалының төрағасы Алмасбек Есмаханов ҚР Парламент Мәжілісінің депутаттары Болат Керімбек пен Максим Рожинге соңғы жылдары аймағымызда бастау алған жобаларды таныстырды, деп хабарлайды «Азаттық-Ньюс» Ақпараттық агенттігі.
Соның ішінде 10 000 жанкүйерге арналған, құны 20,9 млрд. теңгені құрайтын соңғы үлгідегі “Қызылорда арена” стадионының құрылысы бар. Аталмыш стадион “УЕФА” талаптарына сай жасақталмақ. Бүгінгі таңда құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізілуде.
Сол жағалаудағы әлеуметтік нысандардың жұмысымен таныстырған аймақ басшысының орынбасары Шахмардан Асқарұлы:
– Стадион басқа да спорт түрлерінен қызмет көрсететін болады. Бұл жақта футбол алаңынан бөлек бірнеше жаттығу залын ашу жоспарлануда,-деді.
Бұдан кейін фракция мүшелері құны 1,5 млрд. теңгені құрайтын «Отбасы орталығының» жұмысымен танысты. Бүгінде орталық жас жұптардың неке рәсімінен өтетін, салтанатты шарасын ұйымдастыратын алаңына айналған. Бұл жақта қалыңдық, күйеу жігіт бөлмелері, психологиялық қолдау кабинеттері жұмыс жасауда.