ҚР Президентінің кеңесшісі Ернар Баспаевтың төрағалығымен өткен кеңесте «Жайлы мектеп» ұлттық жобасының, «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясының жүзеге асырылуы, су тасқынынан зардап шеккен өңірлерді қалпына келтіру жұмыстарының барысы қаралды, деп хабарлайды «Азаттық-Ньюс» Ақпараттық агенттігі.
Мәжілістен кейін облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев жауапты сала басшыларына нақты тапсырмалар жүктеді.
«Өздеріңізге белгілі, «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында облыста 12 300 орынға арналған 21 мектеп салу жоспарланған. Биыл 6 900 орындық 10 мектеп, 2025 жылы 5 400 орындық 11 мектеп пайдалануға беріледі деп күтілуде. Ең бастысы, құрылыс сапасына баса мән беру керек, тағы бір талап – жұмысты уақытылы аяқтау. Бөлінген қаражатты тиімді пайдалану қажет.
Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясын ұйымдастыруда аса жауапкершілік танытуды тапсырамын. Абаттандыру, санитарлық тазарту жұмыстарын уақытылы, үздіксіз жүргізу керек», – деді Н.Нәлібаев.
Жайлы мектептердің іргелес аумақтарын абаттандыруға, жол салуға жергілікті бюджеттен қаржы бөлінді. Мердігерлер анықталып, жұмыс атқарылуда.
«Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясын өткізудің облыстық іс-шаралар жоспары бекітілген. Санитарлық тазалық, абаттандыру жұмыстарына 443 мыңнан астам адам қатысты.
Соңғы екі жылда Қызылорда қаласындағы 28 ескі көпқабатты тұрғын үйдің қасбеттері демеушілік есебінен заманауи панельмен қапталды, 20 көпқабатты тұрғын үйдің аулалары абаттандырылды. Теміржол вокзалы ғимараты мен перроны күрделі жөндеуден өткізілді. Балалардың игілігі үшін 80 ойын және спорт алаңы салынды. Облыстық бюджеттен 17 көпқабатты тұрғын үй аулалары, 14 спорт, ойын алаңы салынып, 7 ойын алаңы жөнделді.
Бүгінде «Таза Қазақстан» онлайн платформасында операторлар, модераторлар мен орындаушылар тұрғындардан түскен өтініштерді уақытылы қарап, жауабын беруде.
«Таза Қазақстан» телеграм-боты бойынша жауапты тұлғалар белгіленіп, түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Қала, аудан әкімдіктерінде де жауапты орындаушылар бар.
Телеграм-бот туралы ақпарат КСК, ОСИ, тұрғын үйлер мен квазимемлекеттік секторлардың, мекемелердің 12 мыңға жуық «Whatsapp», «Телеграм» чаттарына таратылды.
Экологиялық акцияны одан әрі жүйелі жалғастыру үшін коммуналдық қызмет мекемелері жаңа техникалармен қамтамасыз етілуде.