Қызылорда облысы Полиция департаментінде медицина қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне арналған салтанатты іс-шара ұйымдастырылып, адам денсаулығын қорғау жолында аянбай еңбек етіп жүрген сала мамандарына құрмет көрсетілді.

Мерекелік жиынға Қызылорда облысы Полиция департаменті бастығының орынбасары, полиция полковнигі Сейтмұрат Сұлтанбекұлы Туляпов қатысып, департаменттің медицина бөлімі мен емханасының қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтады.
Өзінің құттықтау сөзінде ол медицина қызметкерлерінің қоғамдағы орны мен жауапкершілігі ерекше екенін атап өтті. Әсіресе, ішкі істер органдары жүйесінде қызмет атқаратын дәрігерлер мен орта буын медицина мамандары полиция қызметкерлерінің денсаулығын сақтауда, олардың кәсіби міндеттерін сапалы атқаруына жағдай жасауда маңызды рөл атқаратынын жеткізді.
– «Дәрігер мамандығы – адам өмірі мен денсаулығына жауапты аса қасиетті де абыройлы кәсіп. Сіздер күн сайын кәсібилік пен жанашырлықтың, жауапкершілік пен адалдықтың үлгісін көрсетіп келесіздер. Қоғам игілігі жолындағы ерен еңбектеріңіз үшін шынайы ризашылығымды білдіремін. Баршаңызға зор денсаулық, отбасыларыңызға амандық, еңбектеріңізге толағай табыс пен бақ-береке тілеймін», – деді полиция полковнигі Сейтмұрат Туляпов.
Шара барысында медицина қызметкерлерінің полиция жүйесіндегі профилактикалық жұмыстарды ұйымдастырудағы, қызметкерлердің денсаулығын нығайтудағы және сапалы медициналық көмек көрсетудегі еңбегі ерекше аталып өтті. Сондай-ақ олардың қызметтік міндеттерін жоғары жауапкершілікпен атқарып, денсаулық сақтау саласының дамуына қосып жүрген үлесі жоғары бағаланды.
Мерекелік жиынның салтанатты бөлімінде денсаулық сақтау саласын дамытуға, ішкі істер органдарының медициналық қызметін жетілдіруге және көп жылғы мінсіз еңбегі үшін бірқатар медицина қызметкерлері марапатталып, Алғыс хаттар мен ведомстволық марапаттарға ие болды. Бұл – олардың адал еңбегі мен кәсіби біліктілігіне көрсетілген лайықты құрметтің белгісі болды.
Іс-шара соңында қатысушылар медицина қызметкерлеріне деген ізгі тілектерін білдіріп, олардың қоғам саулығын қамтамасыз етудегі өлшеусіз еңбегі әрдайым жоғары бағаланатынын атап өтті. Ақ халатты абзал жандарға көрсетілген құрмет мерекелік жиынның мазмұнын айшықтап, олардың мәртебесін арттыра түсті.
