Сырдария ауданында кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу, қоғамдық тәртіпті сақтау және жасөспірімдердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында түнгі рейдтік-профилактикалық іс-шаралар тұрақты түрде ұйымдастырылып келеді.
Рейд барысында жауапты сала мамандары мен құқық қорғау органдарының қызметкерлері аудан орталығындағы және елді мекендердегі жастар көп шоғырланатын орындарды аралады. Атап айтқанда, орталық және шеткі көшелер, саябақтар, сауда нысандары, демалыс орындары мен қоғамдық орындар толықтай қамтылды.
Профилактикалық шаралардың басты мақсаты – түнгі уақытта заңды өкілдерінің қарауынсыз жүрген кәмелетке толмағандарды анықтау, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, құқық бұзушылықтың, қылмыстың және түрлі келеңсіз оқиғалардың алдын алу. Сонымен қатар, рейд барысында жасөспірімдермен түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, қоғамдық орындарда өзін-өзі ұстау мәдениеті, заң талаптарын сақтау және қауіпсіздік шаралары жөнінде кеңестер берілді.
Сондай-ақ ата-аналарға балалардың кешкі және түнгі уақыттағы жүріс-тұрысына бақылауды күшейту, олардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру және заң талаптарын сақтау қажеттілігі түсіндірілді. Өйткені бала қауіпсіздігін қамтамасыз етуде ата-ананың жауапкершілігі ерекше маңызға ие.
Мамандардың айтуынша, мұндай профилактикалық іс-шаралар жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алумен қатар, қоғамдық тәртіптің сақталуына, құқықтық мәдениеттің қалыптасуына және тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге оң ықпал етеді.
Сырдария ауданында ұйымдастырылып жатқан түнгі рейдтік жұмыстар алдағы уақытта да тұрақты түрде жалғасады. Бұл жұмыстардың басты мақсаты – балалардың құқықтарын қорғау, олардың қауіпсіз ортада тәрбиеленуіне жағдай жасау және құқық бұзушылықтың алдын алу бағытындағы кешенді шараларды жүйелі түрде жүзеге асыру.
Құрметті ата-аналар! Балаларыңыздың қауіпсіздігіне бейжай қарамай, олардың қайда жүргеніне, кіммен араласатынына және бос уақытын қалай өткізетініне тұрақты бақылау жасауларыңызды сұраймыз. Баланың қауіпсіздігі – отбасының ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ жауапкершілігі.
Бұл мақаламен бөлісу
Пікір қалдыру
Пікір қалдыру
