Павлодар қаласында ерекше оқиға орын алды. Екі зейнеткер банк бөлімшесіне петарда орнатылған торт әкеліп, оны тұтатып, салдарынан өздері жеңіл жарақат алған.
Полицияның мәліметінше, аталған зейнеткерлер бұған дейін телефон алаяқтарының құрбаны болған. Олар өз жинақтарын жалған инвестициялық жобаларға салып, қаржыларынан айырылған. Қазіргі уақытта бұл дерек бойынша тергеу амалдары жүргізіліп, құқық қорғау органдары алаяқтық схемасына қатысы бар дропперлерді анықтап, оларды жауапкершілікке тартқан. Сондай-ақ ұрланған қаражатты сот тәртібімен қайтару шаралары қолға алынған.
Алайда араға уақыт салып, алаяқтар зейнеткерлермен қайта байланысқа шыққан. Бұл жолы олар өздерін қаражатты қайтаруға көмектесетін тұлғалар ретінде таныстырып, банкке торт алып баруды және оның ішіне петарда орнатуды тапсырған.
Алаяқтардың нұсқауын бұлжытпай орындаған зейнеткерлер банк бөлімшесіне келіп, петарданы тұтатқан. Оқиға салдарынан өздері жеңіл жарақат алғанымен, абырой болғанда, өзге адамдар зардап шеккен жоқ.
Аталған дерек бойынша полиция бірнеше қылмыстық іс қозғап, тергеу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Құқық қорғау органдары азаматтарды белгісіз адамдардың нұсқауларын орындамауға және өзін банк қызметкері, құқық қорғау органы өкілі немесе қаржылық кеңесші ретінде таныстырған тұлғалардың сөзіне сене бермеуге шақырды.
Мамандар телефон арқылы берілетін күмәнді нұсқауларға сақтықпен қарап, қандай да бір әрекет жасамас бұрын ресми органдардан ақпаратты нақтылап алуға кеңес береді.
