Сырдария ауданында “Мал ұрлығына жол жоқ” іс-шарасы жалғасуда

Azattyq-news
2 Min Read

Сырдария ауданында мал ұрлығының алдын алу және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасуда. Осыған орай аудан аумағында өткізіліп жатқан «Мал ұрлығына жол жоқ» жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында бірқатар маңызды шаралар жүзеге асырылуда.
Аталған іс-шара шеңберінде Сырдария ауданына қарасты Бесарық ауылында профилактикалық рейд ұйымдастырылып, ауыл тұрғындары арасында түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Шараның негізгі мақсаты – мал ұрлығы деректерінің алдын алу, құқық бұзушылықтардың жолын кесу, сондай-ақ тұрғындардың құқықтық сауаттылығын арттыру.
Рейд барысында учаскелік полиция инспекторы, полиция майоры Е. Әбілдаев ауыл аумағындағы мал ұстайтын қора-жайларды аралап, олардың қауіпсіздік талаптарына сәйкестігін тексерді. Сонымен қатар, тұрғындарға малды қараусыз жайылымға жібермеу, түнгі уақытта қауіпсіз орында ұстау, арнайы ен-таңба немесе белгілер салу, сондай-ақ малға қатысты құжаттарды заң талаптарына сай ретке келтіру жөнінде нақты түсіндірмелер берілді.
Полиция қызметкерлері мал ұрлығы көбіне иесіз, қараусыз жүрген малдарға қатысты орын алатынын атап өтіп, әрбір тұрғынды жеке мүлкіне жауапкершілікпен қарауға шақырды. Сонымен бірге күмәнді жағдайлар немесе бөтен адамдардың әрекеттері байқалған жағдайда дереу құқық қорғау органдарына хабарлау қажеттігі ескертілді.
Айта кету керек, мұндай профилактикалық шаралар аудан көлемінде тұрақты түрде өткізіліп келеді. Нәтижесінде мал ұрлығының алдын алу, құқықтық тәртіпті нығайту және тұрғындармен тығыз байланыс орнату бағытында оң нәтижелер байқалуда.
Сырдария аудандық полиция бөлімі азаматтарды сақтық шараларын қатаң сақтауға және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бірлесе атсалысуға шақырады.

Бұл мақаламен бөлісу
Пікір қалдыру