Үкіметтің ресми сайтында өңірлік комиссиялар кәсіпкерлердің өтінімін қабылдап жатқанын жазды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша үкімет су тасқыны салдарын жою бойынша кешенді жұмыс жүргізіп жатыр. Қабылданып жатқан шаралардың ішінде азаматтарды жаңа тұрғын үймен қамтамасыз ету, біржолғы қаржылық көмек көрсету, үйлерді жөндеу мен қалпына келтіру шығындарын өтеу және т. б. бар.
Зардап шеккен бизнеске келтірілген залалды өтеу жұмысы басталды. Қазіргі таңда өңірлік комиссиялар шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің жалпы сомасы 1,5 млрд теңгеге 178 өтінімін қарап, мақұлдады.
Үкімет резервінен 12 млрд теңгеден астам қаражат ШОБ мүлік шығындарын өтеу үшін Ақмола, Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан, Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстарының бюджетіне аударылады.