Қызылорда қаласында 19 жастағы қызды ұнатқан адамы зорлап, ол әрекетін видеоға түсірген. Бойжеткеннің сөзінше, жігіт бейнежазбаны таратамын деп қорқытып, арам ойын бірнеше рет іске асырып келген. Бұл бассыздық туралы полицияға шағымданғанымен, әзірге қорлық көрсеткен жігіт бостандықта жүр, деп хабарлайды «Азаттық-Ньюс» Ақпараттық агенттігі.
Қорлық көрген бойжеткен аты-жөнін көрсетпеуді сұрады. Айтуынша, жігіті өткен қазан айында алдап, үйіне шақырған. Сөйтіп белгісіз сусын ішкізген. Содан кейін «әл-дәрменімен айырылдым» дейді ол. Осы сәтті пайдаланған жігіт қызды төсекке тартып, зорлаған. Онысын телефонына түсіріп алыпты.
-Видеоға түсіріп маған жіберді. Осыны таратып жіберемін, туысқандарыға таратамын деп. Мамаларымнан қорқатынымды білді де. Ұрған мені неше рет. Мұрнымды да сындырған. Оны да айта алмадым. Сонда ол мені квартираға бармадың деп қорқытады, дейді қыз.
Осылайша ол 8 ай бойы қорлық көрдім дейді. Алайда ешкімге ештеңе айтпай жасырып, сүйіктісіне сенгеніне өкінеді. Жігіттің бопсалап жазған хаттары қыздың телефонында бар. Жағдай ушығып бара жатқан соң барлығын анасына айтып, полицияға арыз берген. Бірақ құқық қорғау саласының өкілдері біршама уақыт арызын қабылдамай, істі сағызша созып келгенін айтты қыздың анасы.
-Арызыңызды қайтып алыңыз. Бұдан ештеңе өнбейді. Сотқа жіберілген күннің өзінде де ешқайда бармайды деп. Ол күні ешқандай баппен жіберілген жоқ. Мен баланың жазасын алуын талап етемін. Егер де мен ақшаға құныққан адам болсам, сол күні маған айтты 3 миллион дейсің бе, басқа дейсің алып береміз деді. Маған керек емес. Маған қызымның намысы тапталған ақшаны мен жұмсай алмайды екенмін. Бала жазасын алсын, деді қорлық көрген қыздың анасы.
Ал полиция департаментіндегілер бұл оқиғаға байланысты «Зорлау» бабымен қылмыстық іс жүргізіліп жатқанын хат арқылы хабарлады.
– Қызылорда қаласының полиция басқармасымен ҚР Қылмыстық кодексінің 120-бабы, яғни «Зорлау» дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне тіркеліп, тергеу басталған. Қылмыстық іс бойынша жан-жақты және объективті түрде тергеп-тексеру жүргізілуде. Нәтижесімен заңды түрде процестік шешім қабылданады, дейді Қызылорда облысы ПД Баспасөз қызметі.