Мұнай кәсіпорындары ақша жымқырған, деп хабарлайды «Азаттық-Ньюс» Ақпараттық агенттігі.
Маңғыстау облысының прокуратурасы «ОйлТранспортКорпорейшн» ЖШС-нің қызметкерлері тауар жеткізушіден 1,5 миллиард теңгеден астам қаржыға техникалық ерекшеліктерге сәйкес келмейтін автобустарды қабылдағанын анықтады. «ОйлТранспортКорпорейшн» ЖШС – «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ еншілес кәсіпорын.
«Ал, «West Oil Software» ЖШС-де («ОйлТранспортКорпорейшн» ЖШС мердігерлік ұйымы) жұмыс істемеген адамдарға 400 миллион теңгеден астам жалақы төлеу, компания басшылығының жақын туыстарын қоса алғанда негізсіз жалақы есептеу деректері болған», – делінген хабарламада.
Сондай-ақ жұмыс істелмеген арнайы техника қызметтері үшін 110 миллион теңге көлемінде ақша аударылғаны белгілі болды.
Аталмыш деректерге байланысты ҚР Қылмыстық кодекстің 189-бабы 4-бөлігі (Сеніп тапсырылған бөтен мүлікті ірі мөлшерде беру немесе жымқыру) бойынша 5 соталды тексеру басталып, процестік прокурорлар тағайындалған.
«Соталды тергеп-тексеру шеңберінде аталған ұйымдардың 4 басшы лауазымды тұлғалары ұсталды. Қылмыстық істер облыстық экономикалық тергеу департаментінің өндірісінде».