Қазалы ауданында елді мекендердің инфрақұрылымын жақсарту бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүзеге асуда. Бүгін аудан әкімі Берік Сәрменбаев Шаған ауылындағы көшелерге жүргізіліп жатқан күрделі жөндеу жұмыстарының барысымен танысты.
Аудан басшысы алдымен мердігер мекеме өкілдерімен кездесіп, атқарылып жатқан жұмыстардың сапасы мен мерзіміне баса назар аударды.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев елді мекендерде ең алдымен тұрғындарға қажетті инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыруды тапсырған болатын. Осы бағытта облыс әкімі Нұрлыбек Машбекұлы Нәлібаевтың қолдауымен ауданымызда бірқатар іргелі жұмыстар атқарылып жатыр. Соның ішінде биыл Шаған ауылында сегіз көше жөндеуден өтуде. Бұл жұмыстар сапалы әрі уақытында аяқталуы тиіс, – деді Берік Әбдіғаппарұлы.
Биыл ауылдағы Ә.Омаров, Ә.Тұйғынов, Қ.Мыханова көшелерінде күрделі жөндеу толық аяқталды. Қазіргі таңда Т.Әлжанов, Т.Мұхамеджанов, Р.Оразғалиев, А.Иманов тұйығы және Ж.Бекпанов тұйығы көшелерінде жұмыстар жалғасып жатыр.
Аудан әкімі құрылыс сапасын қатаң бақылауда ұстау қажеттігін айтып, мердігер мекеме өкілдеріне жол жабындысын талапқа сай төсеу мен қауіпсіздік шараларын толық қамтамасыз етуді тапсырды. Сондай-ақ тиісті салалық бөлім мен ауыл әкімдігіне нысандардың уақытылы әрі сапалы аяқталуын күнделікті назарда ұстауды жүктеді.
– Жол – тұрғындардың күнделікті өмір сапасын айқындайтын маңызды фактор. Әрбір атқарылған жұмыс – халықтың игілігі үшін. Сондықтан қандай іс болса да, ең алдымен сапаға басымдық берілуі керек, – деп түйіндеді аудан әкімі.
Айта кетейік, биылғы жылы Қазалы ауданында жалпы ұзындығы ондаған шақырым жолдарға орта және күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Бұл шаралар ауылдық округтердегі көлік қатынасын жеңілдетіп, тұрғындардың тұрмыс сапасын арттыруға бағытталған.
