Қазіргі қоғамда діни сананың қалыптасуы – аса маңызды әрі күрделі үдерістердің бірі. Ғаламдық ақпараттық ағын, әлеуметтік желілердің ықпалы және түрлі идеологиялық ағымдардың белсенділігі адам санасына тікелей әсер етуде. Осындай жағдайда ел ішіндегі тұрақтылық пен рухани тұтастыққа қауіп төндіріп отырған жат діни ағымдардың әрекеті ойлантарлық жайт.
«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің «Оңалту» бөлімінің басшысы Асхат Ерубайдың айтуынша, кез келген теріс діни топ өз қатарын көбейтуді мақсат еткенде ең алдымен өзінің шынайы ниетін бүркемелейді. Яғни, мұндай топтар сырт көзге мейірімді, жанашыр, дін талаптарын дұрыс үйретуші көрінуге тырысады. Алайда, олардың негізгі мақсаты – адамның санасын жаулап, оны өз идеологиясының шеңберіне енгізу.
Алдау арқылы тарту – басты тәсіл
Жат ағым өкілдері көбінесе адам өмірінің қиын кезеңдерін тиімді пайдаланады. Мәселен, отбасыдағы жанжал, материалдық қиындықтар, жалғыздық, рухани күйзеліс сынды сәттерде адам көмекке, қолдауға мұқтаж болады. Дәл осы тұста теріс ағым мүшелері жылы сөзбен, «дінге шақыру» деген желеумен жақындайды.
Сырттай қарағанда олар «шындықты айтушы», «шын дінді ұстанушы» болып көрінеді. Ал шындығында, олардың уағыздары – қоғамнан бөлінуге, дәстүрден безінуге, мемлекет заңын мойындамауға итермелейтін жүйелі идеология.
Ұлттық дәстүрді жоққа шығару – қауіпті қадам
Асхат Ерубай атап өткендей, теріс діни ұйымдар ұлттық құндылықтарды мансұқтап, ғасырлар бойы қалыптасқан салт-дәстүрді «бидғат» деп айыптайды. Ал қазақтың дүниетанымы – дін мен дәстүрдің жарасымды үндестігіне негізделген.
Дәстүрден қол үзген адам жартылай рухани тамырынан айрылып, жат идеяларға оңай бой алдырады. Бұл – тек жеке тұлғаның емес, тұтас отбасының, тіпті қауымдастықтың ішкі бірлігінің әлсіреуіне алып келеді.
Ақпараттық сауат – қауіптен қалқан
Бүгінгі таңда әлеуметтік желілер мен мессенджерлік топтар арқылы радикалды идеялар жылдам тарайды. Сондықтан діни ақпаратты тек ресми, сенімді көздерден алу – уақыт талабы. Мектеп, ата-ана, ұстаздар мен имамдар бірлесе отырып жастардың діни сауатын көтеруге бағытталған жүйелі жұмыстар жүргізу қажет.
Жат ағымның ықпалынан қорғанудың басты жолы:
дін негіздерін дұрыс, ғылыми негізде түсіну;
ұлттық құндылықтарды қадірлеу;
діни мәселеде асығыстыққа жол бермеу;
күмәнді ақпаратты маманмен ақылдасу.
Қорытынды
Жат ағым – сырттай мейірімді, іштей айлакер идеология. Оның пәрмені адамның әлсіз сәтін дер кезінде басып қалып, санасына әсер етуге бағытталған. Сондықтан әр азамат рухани сауаттылықты арттырып, діни мәселеде сақ, саналы және сарабдал болуы тиіс.
Рухани қауіпсіздік – ел қауіпсіздігінің бір бөлігі. Ал елдің тағдыры – әрбір азаматтың қолында.
