Жат ағымға қарсы иммунитет – жастар тәрбиесіндегі маңызды бағыт

Azattyq-news
1 Min Read

Әкімдікте өткен жиында экстремизм мен терроризмнің алдын алу мәселелері қаралды. Басқосуға қалалық қоғамдық даму, полиция басқармасы, білім бөлімдерінің басшылары мен өкілдері қатысты.

Жиынның негізгі мақсаты – қоғамдағы тұрақтылықты сақтау, деструктивті идеологиялардың таралуына жол бермеу, сондай-ақ алдын алу шараларының тиімділігін арттыру болды. Қатысушылар бұған дейін атқарылған жұмыстарды саралап, алдағы кезеңге жоспарланған міндеттерді талқылады.

Баяндамашылардың айтуынша, қалада жүйелі түрде ақпараттық-түсіндіру шаралары жүргізілуде. Әсіресе жастар мен оқушылар арасында рухани-адамгершілік құндылықтарды дәріптеу, интернет кеңістігіндегі қауіптерге қарсы иммунитет қалыптастыру бағытында жұмыстар күшейтілген. Сонымен қатар құқық қорғау органдары қоғамдық қауіпсіздікті нығайтуға, күдікті әрекеттердің алдын алуға тұрақты түрде бақылау жүргізіп келеді.

Жұмысшы топ мүшелері қоғамды жат идеологиядан қорғау үшін мемлекеттік органдармен қатар, азаматтық қоғам институттарының да белсенділігін арттыру қажеттігін атап өтті. Әсіресе білім беру ұйымдарында жастардың патриоттық рухын көтеру, отбасылық құндылықтарды насихаттау, бұқаралық ақпарат құралдарымен және әлеуметтік желілермен тығыз байланыста болу – алдағы маңызды бағыттардың бірі.

Жиын соңында қатысушылар экстремизм мен терроризмнің алдын алу – тек мемлекеттік органдардың ғана емес, барша қоғамның ортақ міндеті екеніне назар аударды. Қоғамдық келісім мен тұрақтылықты сақтау – ел дамуының басты кепілі.

Бұл мақаламен бөлісу
Пікір қалдыру