Қызылордалық оқушылар «Зерде» республикалық конкурсынан жеңіс олжалап, үздіктердің қатарынан көрінді, деп хабарлайды «Азаттық-Ньюс» Ақпараттық агенттігі.
Жүйелі жұмыс жүргізген жетекшілер мен үлкен үміт арқалаған өрендер Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында жеңістен кейінгі ой-пікірін ортаға салған болатын.
«2-7 сыныптар арасындағы республикалық конкурста біздің өңіріміздің озаттары оқ бойы озық келді. Оқушыларымыз Жетекшілерінің жүйелі жұмысының арқасында жүзден жүйрік шығып жатыр. Бұл әрине біздегі білімнің жеңісі» – деді «ДАРЫН» ОБЛЫСТЫҚ ҚОСЫМША БІЛІМ БЕРУ ОРТАЛЫҒЫ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ ГҮЛЖАХАН ІЗБАСАРОВА.
Бүгінде эко өнім жасауда қаламыздағы Әли Мүсілімов атындағы №101 мектеп-лицейі оқушыларының көші ілгері. Жаңа өнім жасауға жұмыла кіріскен оқушылар мектеп атын түрлі сайыстарда шығарып жүр. Сондай озық ойлы оқушылардың бірі – Аңсаған Абдул-Әзиз. Оны республикалық конкурста жеңімпаз қылған – эко сабын өнімі. Брифинг барысында Аңсаған алдағы уақытта қандай өнімге көңіл бөлетінін баяндады.
«Біздің жобамыздың мақсаты мектеп жағдайында Экоөнім жасап жаңашылдық енгізу. Қызығушылығымыздың нәтижесі мен жетекшімнің ақыл-кеңесінің арқасында Эко Сабын жасап шығардым. Алдағы уақытта косметикалық өнімдерге көңіл бөліп, көптеп шығару ойымызда бар»- деді жоба жеңімпазы.
Ералы Ибрайм №278 мектеп-лицейінің оқушысы. Ақпарат алаңында Ералы өз жобасын көпшілікке таныстырып, конкурсқа дайындықтың қалай жүргізілгенін баяндап берді.
«Менің жобам Тілдік ақауы бар балаларға бағытталды. Конкурсқа дайындық қарқынды болды. Бүгінде гаджетке байланған балалардың тілдік ақауы көптеп кездеседі. Соның салдарынан буллинг болады, арты суицидке апаратынын естіп біліп жатамыз. Біздің жобаның негізі осы бағытта жүргізілді» – деді жоба жеңімпазы.
Ал, №222 орта мектебінің 5 сынып оқушысы Бақыт Кәусар есеп шығаруды ұнатпайтын көптеген оқушының көңіліне қонатын жоба жасаған.
«Менің жобамның тақырыбы – мәтіндік есептерді координаталық жазықтықта бейнелеу. Бұл жобаны жасауыма оқушылардың мәтіндік есепке деген теріс көзқарасы себеп болды. Негізінен, мектеп оқушылары мұндай есептерді ұнатпайды. Ал, менің бұл жобам арқылы мәтіндік есептерді шығару оңай әрі жылдам жүзеге асады», – деді жоба авторы.
«Абай» атындағы дарынды балаларға арналған мектептің 7 сынып оқушысы Айберген Әнуар үшін аспан әлемі ең қызық, тылсымға толы мекен. Қазіргі таңда ол жетекшісімен бірге таңғажайып аспан әлеміндегі әртүрлі денелерді зерттеу үстінде.
«Мен бала кезімнен аспан әлеміндегі жұлдыздар мен планеталарды зерттеуге қатты қызығатынмын. Бүгінде сол қызығушылығымды дамытып, жетекшіммен бірге жоба жасауды қолға алдық. Осы жоба арқылы адам аспан денелерін смартфон арқылы еркін бақылай алады. Бұл барлық адамдарға, әсіресе оқушыларға қызық болады деген ойдамын. Осы орайда, астрономияны мектепте пән ретінде енгізу керек деген ойымды айтқым келеді. Сонымен қатар, әр мектепте оқушылар мен ұстаздарға арналған смарт обсерватория ашылса және олар қалаған уақытта келіп, аспан әлемін зерттесе деген ұсынысым бар», – деді ӘНУАР АЙБЕРГЕН.