Биыл Жаңақорған ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуында жоғары өсім бар, деп хабарлайды «Азаттық-Ньюс» Ақпараттық агенттігі.
Мәселен, жартыжылдықтағы аудан бюджеті өткен жылмен салыстырғанда 5,5 млрд теңгеге өскен. Ал, ауданның өз кірістері жоспардан 17,5 пайызға артық орындалған. Сондай-ақ, аудандағы өнеркәсіп өнімдерін өндіру 48,4 пайызға, өңдеу өнеркәсібі 71,3 пайызға, негізгі капиталға салынған инвестицияның көлемі 56,1 пайызға артқан. Бұл туралы бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында Жаңақорған ауданының әкімі Мәжит Самитов мәлімдеді.
– Бәріңізге белгілі, Жаңақорған ауданында ауыл шаруашылығы мен өндірісі қатар дамып келеді. Аудан экономикасының өркендеуіне зор үлес қосып отырған уран өндірісімен айналысатын кәсіпорындар мен қорғасын-мырыш кенін өндіретін «Шалқия Цинк ЛТД» АҚ-ы. Бұл кәсіпорындар заман талабына сай жаңа технологияларды қолданудың арқасында үлкен табыс әкеліп отыр. Биыл аудан бойынша 36 026 гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдары егілді. Айта кету керек, жер асты суларын тиімді пайдалану арқылы тау беткейіндегі шаруашылықтар бақша егісінің көлемін едәуір арттырды. Оның ішінде қарбыз дақылының көлемі 1 500 гектарға жуықтады. Жиналған өнімдер еліміздің солтүстік өңірлері мен Ресейге жеткізілуде. Су үнемдейтін, жаңбырлатып суару технологиясын пайдаланып Қожакент ауылдық окургіндегі «Береке» шаруа қожалығы 25 гектар жоңышқа, 18 гектар дәндік жүгері ексе, аудан бойынша 1 500 гектар күріш егілетін танап лазерлі тегістеуден өткізілді. Тағы бір жақсы жаңалық, биыл аудандағы ауыл шаруашылығы құрылымдарына 36 техника сатып алынды, – деді Мәжит Самитұлы.
Сонымен қатар, Жаңақорғанда 2024-2028 жылдар аралығында 7 инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарланып отыр. Бұл жобалар толық іске асқан кезде 3 мыңнан аса жұмыс орны ашылады деп күтілуде.
– Жеті жобаның үшеуі биыл іске қосылуа. Оның бірі – «Qaratau fruits» алма бағы. Жоба аясында 50 гектар жерге 65 мың түп алма ағашы классикалық әдіспен, 30 гектарға 75 мың түп алма ағашы интенсивті әдіспен егілген. Алма бақ толығымен тамшылатып суару технологиясымен жабдықталған және 28 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Осы жоба аясында «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автокөлік жолы бойынан 5 мың тонналық көкөніс сақтау қоймасын салу жоспарланған. Екінші жоба «Шалкия Минералс» ЖШС-нің минералды ұнтақтар өндірісі маусым айында іске қосылды. Бүгінгі таңда сынама өнімдер шығарылуда. Одан бөлек, «Абдуллаев Аманкелді атындағы зияткерлік мектебі» ЖШС-нің 400 орындық мектеп-интернатының құрылыс жұмыстары аяқталды. Қазіргі таңда қажетті қондырғы құралдармен жабдықталып, 1 қыркүйекте іске қосылып 50 адамды жұмыспен қамтитын болады,- деді Мәжит Самитұлы.