Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінде ел тарихындағы айтулы оқиғаларға арналған ерекше мәдени шара өтті. Оқу ордасының ұстаздары мен белсенді студенттері «Жастар» театрының «Жас Алаш. Шындық шырағы» атты тарихи драмасын тамашалады.

Бұл қойылым Қызылорданың астана мәртебесін иеленгеніне 100 жыл және алаштың асыл перзенті, көрнекті қайраткер Міржақып Дулатұлының 140 жылдығына орай сахналанды. Театр өнерпаздары тарихтың күрделі кезеңін шынайы бейнелеп, ұлт зиялыларының ерлікке толы өмірін көрерменнің жүрегіне жеткізді.
Спектакль басталар алдында театр директоры Нұрмат Мансұр сөз сөйлеп, алаш қайраткерлерінің ел болашағы жолындағы қажырлы еңбегіне тоқталды. Ол сол дәуірдің қиыншылықтарына қарамастан, халық мүддесін бәрінен жоғары қойған зиялылардың күрескер рухын жастарға үлгі ету керектігін ерекше атап өтті.
Тарихи туындыда ұлт тұлғаларының тағдырлы жолы мен Қызылорданың астана болған кезеңінен сыр шертер тағылымды оқиғалар көрініс тапты. Әсіресе, елдік мүдде жолында басын бәйгеге тіккен ардақты тұлғалардың бейнесі көрерменнің жан дүниесін тербеп, зор әсер қалдырды.

Шара соңында университеттің ғылыми жұмыстар және халықаралық байланыстар жөніндегі проректоры Майнура Әбілтайқызы сөз алып, шығармашылық ұжымға алғыс білдірді. Ол «Жастар» театрының тарихи сананы жаңғыртып, жас ұрпақтың бойына отансүйгіштік сезімін дарытатын ерекше еңбегін жоғары бағалады.
Қойылым университет студенттеріне рухани серпін беріп, ұлттық тарихқа деген қызығушылығын арттыра түсті.
