Қызылордада өңірлік коалиция құрылды

Azattyq-news
1 Min Read

Қызылордада Жалпыұлттық коалиция бастамасымен «Әділетті және прогрессивті Қазақстанның халықтық Конституциясы үшін!» атты өңірлік коалиция құрылып, алғашқы отырысы өтті. Жиынға саяси партиялар филиалдарының жетекшілері, қоғамдық ұйымдар, мәслихат депутаттары, сарапшылар мен азаматтық сектор өкілдері қатысты.
Отырыста сөз сөйлегендер жаңа Конституция жобасы елдегі саяси жаңғырудың заңды жалғасы екенін атап өтті. «AMANAT» партиясы облыстық филиалының төрағасы Жандос Базартай құжаттың басты мақсаты – адам құқықтары мен бостандықтарын қорғауды күшейтіп, билік пен қоғам арасындағы жауапкершілікті арттыру екенін айтты.
Жиында Конституциялық реформа жөніндегі комиссия мүшелері мен өзге партия өкілдері де пікір білдіріп, жаңа Негізгі заң саяси жүйені жаңғыртуға, әлеуметтік кепілдіктерді нығайтуға және ұлттық құндылықтарды дамытуға бағытталғанын жеткізді. Сондай-ақ «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» қағидатының нығая түскені айтылды.
Бүгінде өңірде 349 азаматтан тұратын аймақтық және аумақтық коалициялар құрылған. Олардың жұмысын үйлестіруге 200-ден астам ерікті тартылған. Алдағы кезеңге 695 іс-шарадан тұратын жоспар бекітіп, тұрғындармен кездесулер мен қоғамдық талқылаулар өткізу көзделіп отыр.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, негізгі мақсат – жаңа Конституция жобасының мазмұнын халыққа кеңінен түсіндіріп, қоғамдық диалогты күшейту.

Бұл мақаламен бөлісу
Пікір қалдыру