ҚЫЗЫЛОРДАДА ІРІ АГРОКЛАСТЕР МЕН ЗАМАНАУИ ЖЫЛЫЖАЙ КЕШЕНІ САЛЫНАДЫ

Azattyq-news
2 Min Read

Қызылорда облысы ауыл шаруашылығын әртараптандыру және инвестициялық тартымдылығын арттыру бағытында ірі жобаларды іске асыруға кірісті.

Бүгін ҚР Премьер-министрі Олжас Бектеновтің қатысуымен жаһандық инвестициялар жөніндегі VIII қазақстандық дөңгелек үстел — KGIR-2025 форумы өтті. Бұл алқалы жиынға әлемнің 50-ден астам елінен келген мыңнан астам қатысушы, соның ішінде өнеркәсіп, энергетика, агроөнеркәсіп, қаржы, фармацевтика және консалтинг салаларындағы халықаралық әрі отандық компаниялардың жетекшілері қатысты.

7,5 млрд долларлық келісімдерге қол қойылды

Форум аясында жалпы құны 7,5 миллиард АҚШ долларын құрайтын 49 құжатқа қол қойылды. Оның ішінде 13 ірі коммерциялық келісім (құны 3,8 млрд доллар) Премьер-министрдің қатысуымен рәсімделді. Бұл келісімдер еліміздің инвестициялық ахуалына жаңа серпін беріп, өңірлердегі өндіріс әлеуетін арттыруға бағытталған.

Қызылорда облысында агроиндустриялық кластер құрылады

Маңызды келісімдердің бірі — Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі және Harvest Agro компаниясы арасында жасалған үшжақты негіздемелік келісім. Бұл құжат өңірде ірі агроиндустриялық кластер құруды көздейді.

Жоба аясында 21 мың гектар аумақта техникалық қарасора, жүгері және соя өсіріліп, әрі қарай қайта өңдеу ісі жолға қойылады. Кешен құрамында жылына 60 мың тонна шикізат өңдейтін май сығу зауыты салынып, шамамен 150 адам жұмыспен қамтылмақ.

Бұл бастама облыстың ауыл шаруашылығын жаңа деңгейге көтеріп, экспорттық әлеуетті арттыруға және өңір экономикасын әртараптандыруға мүмкіндік береді.

Сол жағалауда 134,5 млрд теңгелік жылыжай кешені бой көтереді

Форумда сондай-ақ облыс әкімдігі мен Fabe Agro ЖШС арасында ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіретін жылыжай кешенін салу жөнінде меморандум жасалды.

Компания Қызылорданың сол жағалау аумағынан бөлінген 250 гектар жер телімінде жылына 45 мың тонна көкөніс пен жеміс-жидек өндіретін заманауи жылыжай кешенін тұрғызбақ. Жобаның жалпы құны – 134,5 млрд теңге. Іске қосылғаннан кейін 1200 адам тұрақты жұмыспен қамтылмақ.

Өңірдің аграрлық болашағына жаңа серпін

Бұл жобалар аймақтың агроөнеркәсіптік кешенін күшейтіп, жаңа өндірістердің, жұмыс орындарының ашылуына жол ашады. Сонымен қатар, инвестициялық климатты жақсартып, Қызылорданың аграрлық-өндірістік хаб ретіндегі рөлін арттырады.

Мамандардың айтуынша, бұл бастамалар экологиялық таза өнім өндіру мен экспорттық нарықтарға шығуға да мүмкіндік береді.

Бұл мақаламен бөлісу
Пікір қалдыру