ҚЫЗЫЛОРДАДА «ЧЕМПИОНМЕН БІРГЕ ЖҮГІР» МАРАФОНЫ ӨТТІ

Azattyq-news
2 Min Read

Ұлттық мереке – Республика күні, сондай-ақ Қызылорда қаласының астана болғанына 100 жыл және дәстүрлі «Қала күні» мерекесіне орай Сыр елінде спорт пен сергектікті дәріптеген ерекше шара өтті. Қала тұрғындары мен қонақтары қатысқан «Чемпионмен бірге жүгір» атты жеңіл атлетикалық кіші марафон көпшілікті біріктіріп, мерекелік көңіл күй сыйлады.

Марафонның салтанатты ашылуында қала әкімінің орынбасары Ділмұхамед Абизов сөз сөйлеп, қатысушыларды айтулы мерекемен құттықтап, салауатты өмір салтын ұстанудың маңыздылығын атап өтті.

– Бүгінгі марафон – Қызылорданың мерейлі мерекесіне арналған ерекше шара. Бұл – тек спорттық сайыс емес, тұрғындардың бірлігін, сергектігін және жеңіске деген жігерін көрсететін ортақ мереке, – деді ол өз сөзінде.

Шараның басты ерекшелігі – марафонды бокстан әлем чемпионатының күміс жүлдегері, Қызылорданың мақтанышы Қамшыбек Қоңқабаев пен әлем чемпионатының қола жүлдегері Тұрсынбай Құлахмет бастап жүгірді. Белгілі спортшылардың қатысуы жарысқа ерекше рух беріп, жастарға үлкен мотивация болды.

Жарыс бағыты «Эдельвейс» жағажайынан бастап «Болашақ» университеті ғимаратына дейінгі аралықты қамтыды. 5 шақырымдық қашықтықты бағындыруға 100-ге жуық қала тұрғыны мен спорт сүйер қауым шықты. Қатысушылар қатарында кәсіби спортшылармен қатар, әуесқой жүгірушілер мен оқушылар да бар.

Марафон соңында барлық қатысушыларға арнайы дайындалған еске алу медальдары табысталды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, шараның мақсаты – тұрғындарды салауатты өмір салтына баулу, жастар арасында спортқа деген қызығушылықты арттыру және мереке қарсаңында жақсы көңіл күй сыйлау.

Айта кетерлігі, биылғы марафонның ең егде қатысушысы – 50 жастан асқан азамат, ал ең жас қатысушы – 15 жастағы жасөспірім болды. Бұл – Қызылорда халқының жас ерекшелігіне қарамастан спортқа деген ықыласының айқын дәлелі.

Марафон қатысушылары мен көрермендері шараның жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын атап өтіп, мұндай спорттық дәстүрлердің жиі өтуін тіледі.

Бұл мақаламен бөлісу
Пікір қалдыру