Қызылордада қаласының бюджеті екі есеге артты.

Azattyq-news
2 Min Read

Қызылорда қаласында қала әкімі Нұржан Ахатовтың қатысуымен қалалық мәслихаттың кезектен тыс 41-сессиясы өтті. Жиында қала өміріне тікелей әсер ететін өзекті мәселелер талқыланып, 2025-2027 жылдарға арналған бюджетке өзгерістер енгізілді.

Қала әкімі Нұржан Сәбитұлының айтуынша, жыл басында 73,1 млрд теңге болып бекітілген бюджет 8 айдың қорытындысында 144,2 млрд теңгеге жеткен. Бұл көрсеткіш қаржы көлемінің екі есеге артқанын білдіреді.

Әкімнің сөзінше, салық базасын кеңейту нәтижесінде 499 нысан қайта бағаланып, олардың жалпы құны 13,5 млрд теңгеден 60,5 млрд теңгеге дейін өскен. «Бұл нақтылау тек қарапайым қаржылық түзету емес, ол – тұрғындарымыздың тұрмыс сапасын арттыруға тікелей әсер ететін қадам», – деді қала басшысы.

Сессия барысында халықтың әлеуметтік осал топтары үшін тұрғын үй алу мүмкіндігін кеңейту, Қызылорданың сәулеттік келбеті мен туристік әлеуетін көтеру мәселелері көтерілді. Бұдан бөлек, жолдарды жөндеу, ауыз сумен қамту, кәріз желілерін тарту жұмыстары талқыланды.

Айрықша назарға алынған тақырыптардың бірі – «Сабалақ» елді мекенін газдандыру және осы аумақтағы су қоймасының құрылысын жүзеге асыру. Сондай-ақ, ағын суларды биологиялық тазарту станциясын жаңғырту, оны автоматтандыру сынды ауқымды жобалар енгізілді.

Күн тәртібіндегі тағы бір мәселе – округтік және учаскелік сайлау комиссияларындағы бос орындарды толықтыру болды. Мәслихат депутаттары тиісті өзгерістер енгізіп, комиссиялардың жұмысын қамтамасыз етуге ықпал етті.

Сессияда қабылданған шешімдер Қызылорда қаласының әлеуметтік-экономикалық дамуына жаңа серпін бермек. Қаржының еселеніп артуы мен жобалардың нақты жүзеге асуы тұрғындардың өмір сапасын жақсартып, қаланың инфрақұрылымын жаңғыртуға жол ашады.

Бұл мақаламен бөлісу
Пікір қалдыру