Бүгін Қала күні қарсаңында облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың қатысуымен «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында Қызылорданың сол жағалауына салынған 900 орындық білім ошағының салтанатты ашылу рәсімі өтті, деп хабарлайды «Азаттық-Ньюс» Ақпараттық агенттігі.
Іс-шараға жауапты салалардың, құқық қорғау органдарының басшылары, Халықаралық Қарттар күні қарсаңында аймақ басшысының арнайы шақыртуымен барлық ауданнан келген ардагерлер, зиялы қауым өкілдері қатысты.
Аймақ басшысы қала тұрғындарын жаңа мектептің ашылуымен құттықтап, жиналған жұртшылыққа ізгі тілегін айтты.
«Жас ұрпақтың білімі мен оқу-ағарту ісіне барынша көңіл бөлу – мемлекетіміздің ең маңызды міндеті. Биыл өңірдің білім саласына бөлінген қаржы 262 млрд 100 млн теңгеге жетіп, облыс бюджетінің 35,2 пайызын құрады.
Мемлекет басшысының бастамасымен «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы еліміздің барлық аймағында жүзеге асырылуда. Ұлттық жоба аясында 740 мың оқушыға арналған 369 мектеп салынады.
Осы жобамен өңірімізде 12 300 орынға лайықталған 21 мектеп салу жоспарланған, оның 10-ның құрылысы жүргізілуде. «Жайлы мектеп» жобасын іске асыру арқылы аймағымыздағы 4 апатты және 3 бейімделген мектептің мәселесі түбегейлі шешімін табады.
Бүгін республикалық бюджеттің тікелей қаржыландыруымен, «Самұрық-Қазына» акционерлік қоғамының үйлестіруімен, 6 млрд 851 млн теңгеге салынған облыстағы алғашқы 900 орындық «Жайлы мектеп» ел игілігіне берілуде. Бұл ғимарат Қызылорда қаласының сол жағалауы тұрғындарының мемлекеттік мектепке деген сұранысына толық жауап береді.
Білім ордасында шәкірттердің барлық пәнді оқып үйренуіне, ұстаздардың шығармашылықпен еңбек етуіне толық мүмкіндік жасалған. Өскелең ұрпақтың игілігі үшін Жаңақорған, Шиелі аудандарында 200 орындық оқушылар үйі мен 50 орындық өнер мектебі, «СаутсОйл» компаниясының демеушілігімен музыкалық колледждің жаңа ғимараты, Шығармашылық-инновациялық орталық, «Білімді қолдау қоры» есебінен физика-математика мектеп-интернаты салынуда. Мектеп-интернат екінші тоқсанда пайдалануға беріледі.
Жаңа мектеп салу, апатты мектептер мен үш ауысымдық оқытуды жою – білім саласындағы басым бағыттың ең маңыздысы. Осы білім ошағында ұстаз бен шәкірт, мектеп пен ата-ана байланысы артып, алдыңғы буынның ізгі жолын жалғаған білімді де талантты, санасы сергек, ойы ұшқыр, бәсекеге қабілетті жас ұрпақ тәрбиеленіп шығарына сеніміміз мол.
Жаңа оқу жылында биік табыстарға қол жеткізіп, алға қойған мақсаттарыңыз орындалсын! Ел мүддесі жолындағы игі істерді бірге атқарайық, жетістікке бірге жетейік! Егемен еліміздің ертеңі еңселі, тәуелсіздігіміз тұғырлы болғай!», – деді Нұрлыбек Нәлібаев.
Жиында «Самұрық-Қазына Констракшн» акционерлік қоғамының басқарма төрағасы Мәулен Айманбетов қала тұрғындарын жаңа мектептің ашылуымен құттықтап, қатысушыларға игі тілегін жеткізді.
Жыл соңына дейін 12 жаңа мектеп және 4 мектеп жанындағы қосымша құрылыс аяқталып, пайдалануға беріледі. Өткен жылы облыс орталығындағы 4 мектепке 1 850 оқушыға арналған қосымша ғимарат салынды. Бюджетке салмақ түсірмей, қаржыны үнемдеу арқылы орын тапшылығы, үш ауысымды оқытуға көшуі мүмкін мектептер мәселесі шешімін тапты.
Былтыр 1 170 орындық 4 мектеп, осы жылдың басында
550 орындық 2 мектеп қолданысқа берілді. Биылғы жаңа оқу жылы қарсаңында Шиелі ауданында «Білім беру инфрақұрылымын қолдау» қорының қаржыландыруымен 100 орындық, Жаңақорған ауданында жергілікті бюджет есебінен 150 орындық мектептер ел игілігіне табысталды.
Салтанатты іс-шарада заманауи білім ордасының құрылысын жүргізген мердігер мекеменің қызметкерлері облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.