455947323 803456231975623 8948961364594220456 nplaceholder

Қызылорда облысы әкімі аппаратының басшысы тағайындалды

Бүгін аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаевтың төрағалығымен актив отырысы өтті, деп хабарлайды «Азаттық-Ньюс» Ақпараттық агенттігі.

Жиында Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің келісімі негізінде облыс әкімінің өкімімен облыс әкімі аппаратының басшысы мемлекеттік саяси лауазымына тағайындалған Мұхамедияров Әділхан Мерекеұлы таныстырылды.

Нұрлыбек Машбекұлы жаңа қызметке тағайындалған облыс әкімі аппаратының басшысына сәттілік тілеп, алдағы уақыттағы міндеттерге тоқталды.

«Әділхан Мерекеұлы – әр жылдары жергілікті атқарушы органдардағы, Президент Әкімшілігіндегі жауапты қызметтерде мол тәжірибе жинаған, тапсырманы тиянақты орындайтын жауапкершілігі жоғары азамат. Оның орталық атқарушы органдармен тығыз қарым-қатынаста жұмыс жасайтынын, жинаған мол тәжірбиесі мен білімін ескере келе, облыс әкімі аппаратының басшысы лауазымына тағайындау туралы шешім қабылдадық. Жаңа басшының кәсіби әлеуеті, біліктілігі аймақтың әлеуметтік-экономикалық өркендеуіне оң ықпал етеді.

Әділхан Мерекеұлы аппарат қызметіне басшылық жасаумен қатар, өңірдегі цифрландыру, аумақтық және азаматтық қорғаныс, құқықтық тәртіп, жұмылдыру дайындығы, қылмыстың алдын алу, қоғамдық тәртіпті сақтау бойынша құқық қорғау және арнайы мемлекеттік органдармен өзара іс-қимылды қамтамасыз етеді», – деді Н.Нәлібаев.

Әділхан Мерекеұлы 1987 жылы дүниеге келген, Солтүстік Қазақстан облысының тумасы. М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетін «Мемлекеттік және жергілікті басқару» мамандығы бойынша бітірген. Экономика және бизнес магистрі. Бүгінде Е.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде «Саясаттану» мамандығы бойынша докторантурада білімін жетілдіруде.

Еңбек жолын 2008 жылы Солтүстік Қазақстан облысы бойынша салық департаментінің статисі болып бастап, әр жылдары мемлекеттік қызметте жоғары басшылық лауазымдарға дейінгі іздену жолынан өткен. 2008-2011 жылдары Солтүстік Қазақстан облыстық ішкі саясат басқармасының бас маманы, облыс әкімі аппаратының бас маманы, бас инпекторы болған. 2011-2017 жылдары Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің көмекшісі, облыс әкімі аппараты ұйымдастыру-инспекторлық бөлімінің меңгерушісі, облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасы басшысының орынбасары болып жұмыс атқарды. 2017-2024 жылдары Қазақстан Республикасы Президенті Баспасөз қызметінің сарапшысы, консультанты, инспекторы жауапты қызметтерін абыроймен атқарған. 2024 жылдың қаңтар айынан Қазақстан Республикасы Президенті Баспасөз қызметінің сектор меңгерушісі қызметін атқарып келді.

Бүгінгі кадрлық өзгерістерге сәйкес облыс әкімінің орынбасарлары мен аппарат басшысы арасындағы міндеттер бөлінісі қайта бекітіледі.

Облыс әкімінің бірінші орынбасары Жаналинов Данияр Еренғалиұлы экономика және қаржы, мемлекеттік сатып алу, сәулет-құрылыс бақылау, денсаулық сақтау, еңбек қатынастары, жұмыспен қамту салаларына жетекшілік жасайды.

Облыс әкімінің орынбасары Жаханов Бахыт Дүйсенұлы ауыл шаруашылығы және жер қатынастары, табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу, ветеринария, құрылыс және сәулет, энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық салаларына жетекшілік етеді.

Облыс әкімінің орынбасары Байманов Шахмардан Асқарұлы қоғамдық даму, мәдениет, дене шынықтыру және спорт, туризмді дамыту, білім, дін және жастар ісі мәселелеріне жетекшілік жасайды.

Облыс әкімінің орынбасары Зебешев Ардақ Темірханұлы кәсіпкерлік және өнеркәсіп, инвестициялар және индустриялық-инновациялық даму, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары салаларына жетекшілік жасайтын болады.

Облыс әкімінің орынбасары, Қазақстан Республикасы Президентінің «Байқоңыр» кешеніндегі арнаулы өкілі Нұртай Қайрат Ырзақұлұлы Қазақстан Республикасы Президентінің 2006 жылғы 25 шілдедегі № 155 Жарлығымен бекітілген «Байқоңыр» кешеніндегі Қазақстан Республикасы Президентінің арнаулы өкілі туралы ережеде көзделген міндеттер мен өкілеттіктерді жүзеге асырады.

Актив отырысында аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосқан мекемелердің, ауыл шаруашылығы құрылымдарының басшылары облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.

Бөлісу:

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

5 × 1 =

АЙДАРЛАР

Басқа да мақалалар