Қызылорда қаласының әкімі Нұржан Ахатов — туған жердің тыныс-тіршілігін жетік білетін, тәжірибесі мол азамат. Ол мемлекеттік қызметке ширек ғасыр бұрын қарапайым мамандықтан бастап, түрлі басшылық лауазымдарда шыңдалып, бүгінде қаланы дамудың жаңа кезеңіне бастап отыр.
2025 жылдың алғашқы жартыжылдығында Қызылорда қаласы 21,1 млрд теңге кіріс жинап, жоспарды 110,6%-ға орындады. Бұл жетістік – жергілікті экономикада жүргізілген реформа мен мүлікті әділ бағалаудың нәтижесі. Мысалы, құны 1,4 млрд теңгелік нысандар қайта бағаланып, 4,7 млрд теңгеге жетті. Тиісінше, салық түсімі еселеп артты.
Бүгінде Қызылорда облыс орталығы облыстың жалпы экономикалық көрсеткіштерінің жартысын қамтамасыз етуде. Қалаға тартылған инвестиция көлемі – 147,5 млрд теңге, құрылыс жұмыстары – 59,3 млрд теңге. Тұрғын үй құрылысы да қарқын алып, биылдың өзінде 400 пәтерлік 10 үй салынып жатыр. Апатты үйлер мәселесі кезең-кезеңімен шешілуде.
Қалада жаңа «Қорқыт ата» арнайы экономикалық аймағы құрылып, 2049 жылға дейін 156 млрд теңге инвестиция тарту көзделіп отыр. Бұл – 3 000-нан астам жаңа жұмыс орны мен 500 млрд теңгеден астам өндірістік өнім.
Инфрақұрылым мен абаттандыру бағытында да ілкімді істер атқарылуда. 61,9 шақырым жол жөнделіп, 24 шақырым жаяу жүргіншілер жолы салынуда. Қоғамдық көлік толық жаңартылып, 300 автобус пен 100 экотакси қала тұрғындарына қызмет етуде. Жол-көлік көпірлері мен теміржол асты өткелдері құрылысы да қарқынды жүріп жатыр.
Көгалдандыру мен экология бағытында заманауи технологиялар қолданылуда. 46 мың ағаш, 800 мың гүл отырғызылып, 10 мың шаршы метр көгал төселді. «Жасыл белдеу» жобасы аясында 2030 жылға дейін 2,5 млн ағаш отырғызу көзделген.
Қаланың даму қарқыны – аймақ басшылығының жүйелі жұмысы мен қала әкімдігінің табанды еңбегінің нәтижесі. Қызылорда бүгінде – әлеуметтік тұрақтылықтың, экономикалық өсімнің және жарқын болашақтың мекені.