Қызылорда өңірінде кәсіпкерлікті қолдау мен өндірісті дамытуға бағытталған игі бастамалар өз жемісін беруде. Аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаев «Қызылорда-Нан» серіктестігінің заманауи өндіріс кешенінде болып, нан-тоқаш, кондитерлік және макарон өнімдерін шығаратын жаңа цехтардың жұмысымен танысты.

Ауқымды жобаның алғашқы кезеңі толық іске қосылып, бүгінде үш бірдей өндірістік цех халыққа сапалы өнім ұсынуда. Жақын күндері төрт түрлі печенье өндіретін жаңа бөлімше жұмысын бастайды деп жоспарлануда.
Өндіріс толық автоматтандырылған. Шығарылатын өнімнің 30 пайызы кәсіпорынның өз дүкендер желісі арқылы саудаланады, қалған бөлігі қала мен жақын орналасқан елді мекендерге жеткізіледі.
Мемлекеттік қолдау шараларының нәтижесінде жобаға 5 гектар жер бөлініп, инфрақұрылымдық қажеттіліктер – су және кәріз жүйелері тартылған. Сонымен қатар кәсіпорын «Қазақстан Халық банкінен» 1,2 миллиард теңге көлемінде жеңілдетілген несие алып, оның пайыздық мөлшерлемесі мемлекет тарапынан субсидиялануда.
Келешекте жобаның екінші кезеңінде ұн комбинатын салу көзделіп отыр. Қазіргі таңда кәсіпорында 120 адам еңбек етсе, алдағы уақытта бұл көрсеткіш 150-ге дейін артады.
Аймақ басшысы жұмыс сапары барысында Қызылордада салынып жатқан жаңа жылу-электр орталығының құрылыс қарқынын да бағамдады. Бұл жоба Мемлекет басшысының қолдауымен жүзеге асып отыр.

Түркияның «Aksa Energy» компаниясымен бірлескен ірі жоба аясында қуаттылығы 240 мегаватт болатын заманауи жылу-электр станциясы салынуда. Мұнда:
АҚШ-та жасалған қуаты 180 МВт болатын газ турбиналары,
Чехияның «Doosan Skoda» компаниясының 95 МВт бу турбинасы,
Италияның «AC BOILERS» кәсіпорны дайындаған сағатына 120 тонна бу өндіретін қазандықтар,
Түркиялық «Mimsan» зауытынан әкелінген сағатына 150 Гкал жылу беретін төрт қазандық орнатылады.
Бүгінде құрылыс жұмыстарының 80 пайызына жуығы аяқталып отыр. Жоба аясында бюджет есебінен автоматтандырылған газ тарату станциясы мен 45 шақырымдық газ құбыры жүргізілген. Жоспарға сәйкес, биылдың өзінде бір газ турбиналық қондырғы мен екі жылу қазандығы іске қосылады. Ал қалған қондырғылар 2026 жылы пайдалануға беріледі.

Өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін беретін бұл бастамалар тек қана өндіріс пен энергетика саласын қамтып қоймайды, сонымен қатар жаңа жұмыс орындарының ашылуына, жергілікті халықтың әл-ауқатын арттыруға тікелей ықпал етпек.
Қызылорда қаласында қолға алынған осындай ауқымды жобалар елдің өнеркәсіптік әлеуетін күшейтіп қана қоймай, болашақ ұрпаққа сенімді энергетикалық және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған.
