Әлеуметтік желіде аграрлық-техникалық колледждің студенттеріне арналған әжетхананың суреті тарады. Көпшілік әбден тозығы жеткен дәретхананы шәкірттердің қалай пайдаланып жүргеніне таң, деп хабарлайды “Азаттық-Ньюс” Ақпараттық агенттігі.
Желіде тараған суреттен дәретхананың өте ескі екені байқалады. Тіпті айналасына жапсырылған сырлы тастары сынып қалған. Оның үстіне мұнда тазалық сақталмайтын сияқты. Лас әжетхананың есіктері де ашық қалған.
Ал колледж басшылығы бұл ер жігіттерге арналған әжетхана дейді. Айтуларынша бұл орынның жөндеу көрмегеніне ұзақ уақыт болған. Сондықтан дәретханаға күрделі жөндеу жұмыстары жазда басталады деп жоспарлап отыр.
– Біздің оқу орыны екі ғимараттан тұрады. Қазір бас ғимараттағы әжетханын жөндеп жатырмыз. Соны аяқтағасын, екінші корпустың әжетханасын жөндейміз. Бұған бюджеттен ақша қаралмаған. Біз колледж қызметкерлері өз күшімізбен жөндеп жатырмыз. Құрылысшылар жалдауға ақша бөлінбейді бізде, – деп жауап берді колледж директорының орынбасары НҰРДӘУЛЕТ АҚЫЛБЕКОВ.