Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев «Қазпошта» АҚ Басқарма төрағасы Әсел Жанасовамен кездесіп, пошта-қаржы саласын дамыту жөніндегі меморандумға қол қойды, деп хабарлайды «Азаттық-Ньюс» Ақпараттық агенттігі.
Меморандум аясында тараптар Қызылорда облысында пошта-қаржы саласын дамыту бойынша өзара ынтымақтастық туралы келісімге қол жеткізді.
Құжатта «Қазпошта» АҚ-ның инвестициялау және дамыту жөніндегі мемлекеттік, салалық және өңірлік бағдарламаларға қатысу мүмкіндіктері қарастырылған. Қызылорда облысында электронды сауданы дамытудың іс-шаралар жоспарын іске асыру, зейнеткерлер мен жеңілдік санаттарын алушылар, орта мектеп оқушылары арасында «Қазақстан азаматының әлеуметтік картасы» жобасын дамыту қамтылған. Мұнан бөлек, кәсіпкерлер мен халықтың «Қазпошта» қызметін кеңінен пайдалануын қамтамасыз ету үшін қолма-қол ақшасыз төлемдерді енгізу және одан әрі дамыту көзделген. Оның ішінде төлемдерді Pos Mobile қосымшасы арқылы қабылдау, қашықтан есеп айырысу-кассалық қызмет көрсету де бар.
Президенттің «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасына сәйкес, шалғай елді мекендердің әрбір тұрғынына «Қазпошта» арқылы мемлекеттік және әлеуметтік қызметтерді қолжетімді ету, яғни «Е-өтініш» жобасын іске асыру мақсатында азаматтардың мемлекеттік органдармен өзара іс-қимылына мүмкіндік берудің маңызы зор. Бұл арқылы ауыл тұрғындарының мемлекеттік көрсетілетін қызметтерге қолжетімділігі, цифрлық сауаттылығы артады. Сондай-ақ, әлеуметтік осал топтағы азаматтардың қызметтерге қол жеткізуі жеңілдейді. Аймақтағы ғимараттар мен құрылыстарда QR-коды бар жаңа пошталық әріптік-цифрлық индекстің аншлагтарын орналастыруда да өзара іс-қимыл жасалмақ.
Айта кетейік, бүгін – елімізде Наурызнама онкүндігінің аясында Ұлттық киім күні. Атаулы күннің ізімен жер-жерде ұлттық киім мен оның заманауи, жаңарған үлгілері кеңінен насихатталуда. Аймақ басшысы бүкілхалықтық іс-шараға өз үлесін қосты.
Сыр өңіріне жұмыс сапары барысында Әсел Жанасова «Қазпошта» АҚ Қызылорда облыстық филиалының ұжымымен кездесіп, теміржол вокзалындағы почта сұрыптау және жеткізу учаскесінің жұмысымен танысады.