Алматылықтар бағзыдан бері қалпын бұзбай сақталған Сырдың саф өнерін тамашалап жатыр, деп хабарлайды «Азаттық-Ньюс» Ақпараттық агенттігі.
Тұнып тұрған көне тарих әуенін Тұрмағанбет оркестрі Алматылықтарға тарту етпек. Оркестр тағылымды термелерді, күмбірлеген күйді, тамылжыған әндерді сүйемелдеп, кеш қонақтарына ерекше көңіл-күй сыйлады.
Айта кетейік, жас ұрпаққа ұлттық құндылықтарды насихаттау мақсатында Сыр өңірінде Тұрмағамбет оркестрі облыстық филармония жанынан 2007 жылы құрылды. Сыр сүлейі атанған атақты шайыр Тұрмағамбет Ізтілеуұлының 125 жылдық мерейтойы қарсаңында тұсауын кескен ұжымға сол кісінің аты берілді.
Содан бері олар рухани құндылығымызды дәріптеу, ұлттық өнерді одан әрі өрістету жолында шығармашылық жұмыс жасап келеді. Оркестрдің негізгі құрамын Қазанғап атындағы Қызылорда музыкалық колледжін бітірген кәсіби білікті мамандар мен өнер саласының майталмандары құрайды.