Тағы бір адам көз жұмды. Шиелілік тұрғындар кенеден үрейленіп отыр

Шиелідегі кенелер

Қызылорда облысында конго-қырым безгегіне шалдыққан тағы бір адам қайтыс болды. 32 жастағы марқұм Шиелі ауданында тұрған. Ал бір апта бұрын өңірде дәл осы қатерлі дерттен екі азамат көз жұмған еді. Мұндай қаралы хабарды естіген Шиелі ауданының тұрғындары биыл кенені улау жұмыстары мүлде жүргізілмеді деп дабыл қағуда. Айтуларынша, соның кесірінен жабысқақ жәндік тұрғындарға да, төрт түлікке де маза бермей келеді, деп хабарлайды «Azattyq-News» Ақпараттық агенттігі.

Биыл Шиелі ауданына қарасты Қарғалы ауданында қаптаған қансорғыш жәндіктен жанның да, малдың да мазасы кеткен. Көпшілік төрт түлік өріске жайылып келсе болды денесі кенеге толады дейді. Соның кесірінен үй жануарлары қатты қиналатынын айтады. Тіпті желініне кене жабысқан сиырымызды сауу да мүмкін болмай қалды дейді тұрғындар. Ең қорқыныштысы, жайылымнан малға жабысып келген жәндіктер тұрғындардың үйлерінде де қаптап кеткен.

 – Кеше бір аптаның ішінде екі адам қайтыс болды. Осының бәрі сол кененің кесірінен. Ауылдың шетінде бақша егіп жатырмын. Огородқа кірген сайын 40-50 кене алып шығамын. Отырып алып теремін. Малға еріп ауылға кіріп жатыр. Ауылдың іші де өріп жүр кенеге. – дейді АСЫЛБЕК ДҮЙСЕНБАЕВ, ҚАРҒАЛЫ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ

Қауіпті жәндік қораларында мал ұстап отырған тұрғындардың денелеріне жабысып әуреге салған. Сондықтан қазір далаға шығудан қалдық дейді көпшілік. Айтуларынша, биыл ауылда кененің ерекше көбеюі мамандардың дезинфекция жұмыстарын жасамауының кесірі. Ал бұл мәселені жауаптыларға сан мәрте айтқанымызбен, шара жоқ дейді тұрғындар.

 – Айтып жатырмыз, ауданға да айтып жатырмыз. Бюджетте ақша жоқ. Заңдылық мынадай дейді. Залалсыз кене дегенді шығарып алыпты. Сіздердің ауылдарыңызда биыл залалды кене шыққан жоқ деп. Кененің бәрі бір ғой. Залалды болсын, болмасын. – дейді АЛДАБЕРГЕН ҚОЖАНАЗАРОВ, ҚАРҒАЛЫ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ

Жалпы облыста конго-қырым безгегін қоздырушы ошақ ретінде анықталған 106 елдімекен бар екен. Мамандар тек осы аумақтарда ғана улау жұмыстары жүргізілгенін айтады. Сөздеріне сенсек, Қарғалы ауылында ауру тудыратын кене анықталмаған.

 -Қарғалы елдімекенінде үш жыл көлемінде зақымдалған кенелер анықталмаса, үш жылдан кейін науқас тіркелмесе ол елдімекен заң талабына сәйкес сауықтырылған болып, қолайлы аймақта болады. – дейді ӘЛИЯ ӘБДІҚАЙЫМОВА, ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСЫНЫҢ САНИТАРИЯЛЫҚ-ЭПИДЕМИЯЛОГИЯЛЫҚ БАҚЫЛАУ ДЕПАРТАМЕНТІ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ

Айта кетейік, Қызылордада жыл басынан бері конго-қырым гемморагиялық қызбасына шалдыққан 10 азамат белгілі болған. Кенеден келген кеселден 3 адам көз жұмды. Ал баспаналарын қауіпті жәндік қаптаған халық осы бір қатерлі дерттің құрбанына айналмасақ деген қорқанышпен күн кешіп жатыр.

Автор: АБАЙ НҰРЖАНҰЛЫ

Бөлісу:

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

двадцать + восемнадцать =

АЙДАРЛАР

Басқа да мақалалар