Сырдарияда дәстүрлі «Сырдария барысы» турнирі басталды

Azattyq-news
2 Min Read

Сырдария ауданында қазақ күресінен дәстүрлі «Сырдария барысы» турнирінің үшінші маусымы салтанатты түрде ашылды. Аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімінің ұйымдастыруымен өткен жарыстың ашылу рәсіміне аудан әкімі Берік Сәрменбаев, аудандық мәслихат төрағасы Е.Әжікенов, облыстық мәслихат депутаты Ж.Ембергенов, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы М.Келдібаев, аудандық мәслихат депутаты А.Есназар, аудандық полиция бөлімі бастығының орынбасары Қ.Асанұлы қатысты.

Аудан әкімі жарыс қатысушылары мен жанкүйерлерін мерекелік көңіл-күймен құттықтап, спортшыларға сәттілік тіледі.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Чемпион болу – ел мерейін асыру деген сөз. Спортшылардың даңқы – барша халықтың даңқы» деп атап өткен болатын. Президент тапсырмасымен және облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың қолдауымен Сыр өңірінде бұқаралық спортты дамыту бағытында ауқымды жобалар жүзеге асуда. Соңғы жылдары облыс көлемінде 20 спорт кешені салынып, «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында тағы алты нысан пайдалануға берілмек. Сондай-ақ облыс орталығында халықаралық талаптарға сай жаңа стадион, үстел теннисі орталығы, «Қызылорда Арена» спорт кешені және жабық бассейні бар көпсалалы дене шынықтыру орталығының құрылыстары жүріп жатыр. Бұл — мемлекет тарапынан спорт пен салауатты өмір салтын дамытуға көрсетіліп жатқан зор қолдаудың айғағы, – деді Берік Сәрменбаев.

Өз сөзінде аудан басшысы «Сырдария барысы» турнирі аудан жастарының спортқа деген қызығушылығын арттырып, қазақ күресін кеңінен насихаттайтынын атап өтті.

– Бұл жарыс жас палуандардың шыңдалуына, ел намысын қорғауға дайын спортшыларды тәрбиелеуге жол ашады. Осындай турнирлер арқылы жаңа чемпиондар өсіп келеді, – деді аудан әкімі.

Салтанатты ашылу рәсімінде аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы М.Келдібаев та сөз сөйлеп, спортшыларға сәттілік пен жеңіс тіледі.

Жарыс барысында ауданның әр ауылынан келген жас палуандар боз кілемге шығып, өзара күш сынасты. Турнир жеңімпаздарына ұйымдастырушылар тарапынан арнайы дипломдар мен бағалы сыйлықтар табысталмақ.

Қазақтың ұлттық спорты – қазақ күресін насихаттауға бағытталған бұл турнир Сырдария ауданында спорттың дамуына тың серпін бермек.

Бұл мақаламен бөлісу
Пікір қалдыру