Қазақ халқының ғасырлар қойнауынан жеткен асыл мұрасының бірі – қолөнер. Оның ішінде құрақ құрау өнері – халықтың талғамы мен эстетикалық дүниетанымын айқындайтын қайталанбас қазына. Күнделікті тұрмысқа қажетті бұйымнан бастап, қыз жасауына дейін енген құрақ көрпе, құрақ жастық секілді дүниелер тек сән-салтанат үшін ғана емес, рухани мәні терең тәрбиелік құндылық ретінде бағаланады. Әр қиылған құрақ – бірлік пен берекенің, сұлулық пен сәннің бейнесі.
Осы киелі өнерді дәріптеп, кейінгі ұрпаққа аманаттау мақсатында шаһардың ғасырлық мерейтойына орай «Сыр шеберлерінің жұлдыз құрағы» атты мәдени-көпшілік шара ұйымдастырылды. Бұл басқосу – Сыр өңірінің қолөнер шеберлері үшін өнерін паш ететін үлкен мерейлі сәт қана емес, ұлттық мұрамызды жаңғыртып, жұртшылыққа насихаттайтын маңызды алаңға айналды.
Сыр бойы – қазақ өркениетінің алтын бесігі, руханият пен өнердің ордасы. Мұнда ғасырлар бойы сақталып келе жатқан дәстүрлі қолөнер үлгілері әлі күнге дейін өз мәнін жоймаған. Осы өңірдің қазынасын паш етуге арналған шарада қала әкімінің орынбасары Дархан Тұрсынбаев сөз сөйлеп, мерейтой аясында атқарылып жатқан игі істердің мәнін айшықтап өтті. Ол өз сөзінде:
«Сыр шеберлерінің еңбегі – халқымыздың бай мұрасын дәріптеу жолындағы қадам. Құрақтың әр өрнегі – елдігіміздің белгісі, бірлігіміздің айғағы. Бүгінгі шараның тарихи және мәдени мәні ерекше», – деп атап өтті.
Сонымен бірге, ұйымдастыру ісіне ұйытқы болған белгілі қолөнерші Үржамал Жайбергеноваға қала әкімінің атынан арнайы алғыс хат табыс етіліп, көпшілік қошемет көрсетті.
Мерекелік жиында облыстық Кәсіпкерлер палатасының директоры Пірмұхаммед Сыздық сөз алып, ұлттық құндылықтарды кәсіппен ұштастырып жүрген шеберлерге табыс тіледі. Оның айтуынша, қолөнерді заңды түрде кәсіпке айналдыру – тек тұрмысқа қажетті дүниелерді жасаумен шектелмейді, ол ұлттық кодымызды жаңғыртуға да қызмет етеді.
Өз кезегінде Үржамал Әбдібайқызы да ризашылығын білдіріп:
«Жұлдыз құрағы – халқымыздың ынтымағы мен татулығының, шабыт пен шеберліктің символы. Бұл атауды иеленген мерекелік шара көпшілікке қуаныш сыйлап қана қоймай, болашаққа бағыт беретін рухани діңгек болмақ», – деді.
Бір күндік мереке аясында жүзден астам шебер өз қолымен жасаған құрақ көрпелерін, тұрмыстық бұйымдар мен сәндік дүниелерін жұртшылық назарына ұсынды. Әр туындының өрнегінде халықтың тарихы, тұрмысы, табиғатқа деген сүйіспеншілігі көрініс тапқандай әсер қалдырды.
Киіз үй ішіндей жылылық сыйлаған, қонақ көңілін сергіткен көрме – Сыр өңірінің шеберлері үшін үлкен абырой, ал қала халқы үшін рухани азық болды.
«Сыр шеберлерінің жұлдыз құрағы» – тек қолөнершілердің бас қосқан мерекесі емес, ұлттық мәдениетіміздің мерейін үстем еткен ерекше рухани шара. Құрақ өнерінің құдіреті – елдікті айшықтап, бірлікті бекемдеуде. Ұрпақтан ұрпаққа жеткен осынау асыл өнерді дәріптеу – әр қазақтың парызы.
