Сыр өңірінде «Шаңырақ күні» аталып өтуде

432445055 1968398616888974 853607682230093930 n

Шаңырақ күніне орай Қызылорда облысы көлемінде 30-дан аса мерекелік іс шара өтті, деп хабарлайды «Азаттық-Ньюс» Ақпараттық агенттігі.

Наурыз мерекесін тойлаудың жаңа форматына сәйкес, «Наурызнаманың» онкүндігі аясында 17 наурыз – Шаңырақ күні болып бекітілген болатын. Бұл күн жарасымды жанұялардың береке-бірлігін насихаттау арқылы отбасы құндылықтарын кең көлемде дәріптеуде айрықша маңызға ие болды.

Қазақы қаймағы бұзылмаған Сыр өңірінде «Шаңырақ күні» аясында 30-дан астам мерекелік іс-шара ұйымдастырылып, қала және барлық аудандарда ерекше тойланды. Әсіресе, жарасымды жанұялар арасында оның ішінде, 50 жыл отасқандар арасында «Алтын шаңырақ», ал 25 жыл отасқан отбасылар арасында «Күміс кереге» атты ауқымды байқаулар өткізілді.

Сондай-ақ, «Ұлттық мереке – ұрпаққа өнеге» тақырыбында облыстық және аудандық «Мерейлі отбасы» байқауының жеңімпаз отбасылары жаңадан шаңырақ көтерген жас жұбайлардың неке қию салтанатына қатысып, өздерінің ізгі тілегі мен ақ батасын берді.

Бұдан бөлек, атаулы күнге орай, облыс орталығындағы «Отбасы орталығы» мен «Анаға тағзым» орталығында «Ашық есік» күндері өтті. Сонымен қатар, Отбасы орталығында «Жарасымды жанұя» отбасылық танымдық шара ұйымдастырыл. Ал жаңа туған сәбилердің ата-аналарына «Наурызбазарлық» естелік сыйлықтар берілді.

Аудандарда Шаңырақ күніне орай отбасы құндылығын насихаттауға арналған танымдық іс-шаралар ұйымдастырылды.

Аралдық жастар неке қию рәсімін жасады

Отбасын қолдау орталығында жаңа отау көтерген жастардың неке қию және келін түсіру рәсімдері өткізілді.

Қазақы дәстүрге сай беташар рәсімі ұйымдастырылып, отбасы құндылықтары дәріптелді. Одан соң салтанатты түрде жастардың некесі қиылып, жас отау иелеріне куәлік пен сый-сияпат табысталды.

Арал ауданына белгілі мәдениет саласының ардагері, өнегелі отбасының ардақты ақсақалы Байнияз Тілепов жұбайымен бірге жас жұбайларға бата беріп, елімізге бақ-береке тіледі.

«Алтын шаңырақ, күміс кереге»

Қазалы ауданындағы Р.Бағланова атындағы аудандық Мәдениет орталығында «Алтын шаңырақ, күміс кереге» атты кездесу кеші өтті.

Кездесу барысында отау құрғандарына 50 және 25 жылдан асқан өнегелі отбасыларымен сүбелі сұхбат өрбіді. Жиын барысында Алтын той иелері Бектібай мен Райкүл Жеткергеновтер және Күміс той иелері Айберген мен Гүлмира Мұқановтар бүгінгі жастарға арнап, өздерінің ақыл кеңестерін айтып, отбасы құндылықтары жайында сөз қозғады. Шара барысында аудан өнерпаздары ән мен жырдан шашу шашып, мерекелік кездесу кешін одан әрі қыздыра түсті.

АҚШ елінің азаматшасы салт-дәстүрімізбен танысты

Шаңырақ күнінде Жаңақорған ауданы әкімінің орынбасары Бектас Нуридинов, «Amanat» партиясының аудандық филиалының атқарушы хатшысы Арман Мажитов, мерекелік шараға қатысып, жиылған қауымды айтулы күнмен құттықтады.

Алдымен әжелер әдет-ғұрыпқа сай шашу шашып, қонақтарды қарсы алды. Сыйлы қонақтың бірі АҚШ елінің азаматшасы Анна Кубас қаймағы бұзылмаған қазақтың салт-дәстүрлерін тамашалап, ұлттық тағамдардан дәм тәтті.

Шара барысында әсем әндер шырқалып, спорттық ойындар ойнатылып, сыйлықтар табысталды. Ұлттық киім киген жас жұбайлардың некесі қиылып, оларға ақсақал «Наурыз бата» беріп, жас жұбайларға, бақыт пен береке тіледі.

Шаңырақ күні жастар мен жасөспірімдерге тәрбиелеу мәдениетін көрсете отырып, олардың бойында патриотизм, адамгершілік пен еңбекқорлыққа деген құштарлықты қалыптастыруға үндеді.

«Шаңырақ» күнінде шаңырақ көтерді

Мерекелік шаралар легі Жалағаш ауданында жаңа өмірге қадам басқан жас жұбайлардың неке қию рәсімімен жалғасын тапты.

Маңызды сәтте жастардың некесін Жалағаш аудандық азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімінің басшысы Айжамал Ақбергенова қиып, көтерген шаңырақтары биік болады деп сенім білдірді. Мұнан соң аудандық ақсақалдар кеңесінің төрағасы Асылбек Тынарбайұлы, аудандық аналар кеңесінің төрайымы Айқын Жақсылықова және Ақсу ауылының батыр анасы Дәмегүл Жүсіпова жастардың отбасылық өмірлеріне сәттілік тілеп, ақ тілегін арнады.

Салтанатты сәт соңында «Мерейлі отбасы-2023» ұлттық байқауының аудандық кезеңінде I орын иеленген үлгілі отбасының асқар тауы, ардақты әке, жоғары санатты ардагер ұстаз Әбілқайыр Ералиев жаңадан отау тіккен жастарға ақ батасын берді.

Жаңа өмірге қадам басып, шаңырақ көтерген Далдабай ауылының тұрғындары Наурызбай Мұхитұлы мен Ұлжалғас Байділдәқызына көтерген шаңырақтары биік, керегелері кең болсын деген ниетпен қазақы нақышта безендірілген киіз үй бұйымы мен сый-сияпаттар табысталды.

Жас отбасыларға арналған семинар өтті

Айтулы күн аясында Қармақшыдағы Ш.Төлепова атындағы аудандық мәдениет үйінде «Отбасым бақыт мекенім» атты жас отбасыларға арналған семинар-тренинг өтті.

Семинар барысында жас отбасылардың қарым-қатынасын нығайту, бір-бірлеріне қолдау көрсету бойынша аудандық отбасын қолдау орталығының психологы арнайы тренинг өткізді. Іс-шарада отбасындағы жанжалды жағдайларды шешу бойынша практикалық құралдарды меңгеру мақсатымен дәріс оқылды. Сонымен қатар, отбасы мүшелерін біріктіруге және бір-біріне деген сенімін арттыруға бағытталған әр түрлі ойындар ойнатылып, қатысушылар тренингтегі әр тапсырманы қызыға орындады.

«Мерейлі отбасы» жеңімпаздарымен кездесті

Шиелі ауданындағы «Арман» мәдениет үйінде республикалық «Мерейлі отбасы» байқауының жеңімпаздарымен кездесу өтті. Салтанатты шара «Шаңырақ» күнінің мән-маңызын ашатын мерекелік концерттік бағдарламаға ұласты.

Бөлісу:

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

10 − 1 =

АЙДАРЛАР

Басқа да мақалалар

Введите текст заголовка