Полиция қазақстандықтарды Қызылорда облысында жыныстық құлдыққа түскен 16 жастағы оқушының ісіне байланысты жалған ақпарат таратқаны үшін жауапкершілік туралы ескертті, деп хабарлайды “Азаттық-Ньюс” Ақпараттық агенттігі Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Бүгінге дейін “НеМолчи.kz” қорының әлеуметтік желідегі ресми парақшасында Қызылордада 16 жастағы оқушыны сыныптастары жезөкшелікпен айналысуға мәжбүрлегені туралы ақпарат пайда болған еді.
“Әлеуметтік желіде пайдаланушылар ақпараттың рас-өтірігіне көз жеткізбей, жалған ақпарат таратады. Атап айтқанда, әлеуметтік желіде “Қызылорданың мектеп ОПГ мүшелері сыныптасын секс-құлдықта ұстады” тақырыбында және осы істің төңірегінде көптеген жалған ақпарат пайда болды. Бұл ақпарат шындыққа жанаспайды”, – делінген хабарламада.
Бұл дерек бойынша қылмыстық іс тіркелді, кәмелетке толмаған күдіктілер ұсталды және уақытша ұстау изоляторына қамалды, тергеу соты күдіктілерге қатысты үй қамағына алу түріндегі бұлтартпау шарасын қолданды.
“Жәбірленуші тарап 6 ай бойы құқық қорғау органдарына жүгінбеген. Қазіргі уақытта іс бойынша тиісті сараптамалар тағайындалды, жан-жақты, толық және объективті тергеу жүргізіліп жатыр. Ата-ананың кәмелетке толмағандарды тәрбиелеу жөніндегі міндеттерін орындамауына байланысты күдіктілердің ата-аналарына қатысты қылмыстық іс тіркелді, тергеу жүргізіліп жатыр”, – деп хабарлады полиция.
Сонымен қатар, ПД баспасөз қызметінің мәліметінше, әлеуметтік желілер арқылы көрінеу жалған ақпараттың таралуына байланысты қылмыстық іс тіркелген, бүгінде күдіктілерді анықтауға бағытталған жедел жұмыс жүргізіліп жатыр.