Бүгін облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың қатысуымен Өнер орталығында «Digital Kazakstan: Жаңа замандағы білім беру» тақырыбында облыстық педагогикалық тамыз кеңесі өтті, деп хабарлайды «Азаттық-Ньюс» Ақпараттық агенттігі.
Жиында елеулі еңбектің арқасында ұстаздар қауымы марапат төрінен көрініп, олардың бірқатарына ҚР Оқу-ағарту министрлігінің марапаты табысталды. Атап айтсақ, Ы.Алтынсарин, «Білім беру ісінің Құрметті қызметкері» төсбелгілері, «Арнайы білім беру ісінің үздігі», «Қосымша білім беру ісінің үздігі», «Орта білім беру ісінің үздігі» дипломдары, облыс әкімінің Алғыс хаты табысталды.
Сонымен қатар, облыстың «Үздік орта білім ұйымы» грантын жеңіп алған Жалағаш ауданындағы Әл-Фараби атындағы №201 мектеп-лицейіне 34 млн теңгенің сертификаты берілді.
Тамыз кеңесіне қатысушылар Халықаралық «Robotek Grand Tournament – 2024» чемпионатында озық шыққан, республикалық ғылыми жоба конкурсында «Black hole» жобасын цифрлық технология негізінде зерттеп жүлдегер атанған, республикалық «Зерде» зерттеу жобалар конкурсында «Сөйлеу қабілеті бұзылған балаларға жасанды интеллект технологиясымен «Logo master» арқылы көмектесу», республикалық ғылыми жоба конкурсында «Устройство урны для автоматической сортировки отходов» атты жобаларымен бірінші орын алған, «First Championship» республикалық робототехника байқауында «Ұйқыға қарсы көзілдірік, Метрологиялық станция» жобасымен бас жүлде иеленген оқушылардың жетістіктері таныстырылған көрмені тамашалады.