460037619 821808830140363 517311665304179333 nplaceholder

Шиелі ауданының жаңадан сайланған әкімі таныстырылды

Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың төрағалығымен Шиелі ауданында өткен актив отырысында осы ауданның жаңадан сайланған әкімі таныстырылды, деп хабарлайды «Азаттық-Ньюс» Ақпараттық агенттігі.

Облыс әкімі Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған жаңа саяси реформалардың маңызына тоқталып, сайлауға белсенді қатысқан тұрғындарға алғыс айтты.

«Өздеріңізге белгілі, еліміз соңғы жылдары бірегей конституциялық реформалар арқылы түбегейлі жаңғыру жолына қадам басты. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы «Біз саяси үдерісті демократияландырып, азаматтардың мемлекетті басқару ісіне қатысу мүмкіндігін кеңейте береміз. Ол үшін отандық сайлау жүйесін ашық әрі барша азаматқа қолжетімді түрде өткізу қажет» деп атап өткен болатын. Сайлау жүйесін демократияландыру – Президент реформаларының негізгі міндеттерінің бірі. Өткен жылы елімізде алғаш рет 45 аудан және облыстық маңызы бар қала әкімінің тікелей сайлауы өткізілді.

Мемлекет басшысы биылғы Жолдауда «2025 жылдан бастап жаңа жүйеге біржола көшеміз. Бұдан былай аудан және облыстық маңызы бар қалалардың әкімдері тікелей сайлау арқылы ғана қызметке келеді. Әкімдердің өкілеттік мерзімі аяқталуына қарай, яғни, ротация мерзімі жеткенде сайлау біртіндеп өткізіле береді» – деді. Бұл реформалар мемлекеттік басқару ісінің тиімділігін барынша арттырады. Президентіміздің тапсырмасына сәйкес, біздің өңірімізде де аудан әкімдерін сайлау пилоттық негізде жүргізілуде. Өткен жылы Шиелі мен Сырдария аудандары әкімдері тікелей сайлау арқылы тағайындалған болатын. Саяси жүйені жаңғырту бойынша қабылдаған шешімнің жалғасы ретінде күні кеше өткен саяси науқанда Шиелі ауданының тұрғындары жоғары белсенділік танытты. Мызғымас бірлік көрсетіп, ауданның жарқын болашағы үшін өз таңдауларын жасады», – деді Нұрлыбек Машбекұлы.

Облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Әділбек Ерсұлтанов Шиелі ауданы әкімі сайлауының қорытындысын хабарлады. Ауданда сайлаушылардың 72,91% учаскелерге келіп, олардың 81,2%-ы Айтбай Жандарбековті қолдаған. Комиссия төрағасы Айтбай Насриддинұлына аудан әкімінің куәлігін табыстады.

Облыс әкімі жаңадан сайланған аудан басшысына экономика салаларына, атап айтқанда, инвестиция тарту, салық базасын ұлғайту, қоғамдық-саяси тұрақтылықты сақтау, жаңа жұмыс орындарын ашу және кәсіпкерлік саласын дамыту бойынша нақты жұмыстар атқаруды тапсырды. Әсіресе, ауданның ауыл шаруашылығы саласындағы ерекше потенциалын пайдалану керек.

Актив отырысында Қызылорда облысының Құрметті азаматтары Қорғанбек Қайруллаев, Дайрабай Ысқақов, Мұрат Бақтиярұлы Айтбай Жандарбековке жаңа қызметінде сәттілік тіледі, ал аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Өркен Исмаилов бата берді.

Айтбай Насриддинұлы 1974 жылы дүниеге келген. Қызылорда политехникалық институтын «Бухгалтерлік есеп және аудит» мамандығы бойынша бітірген.

Еңбек жолын 1992 жылы «Қазақстанның 30 жылдығы» кеңшарында жұмысшы болып бастап, әр жылдары түрлі салада еңбек еткен. 2001-2018 жылдары «Бәйгеқұм» станциясының пошта меңгерушісі, Шиелі аудандық статистика басқармасының жетекші маманы қызметтерін атқарған. 2018-2020 жылдары «Гигант» ауылдық округінің әкімі ретінде тұрғындардың өзекті мәселелерін шешуге атсалысты. 2020-2023 жылдары Шиелі аудандық статистика басқармасының басшысы, аудан әкімінің орынбасары лауазымдарында нәтижелі қызмет көрсетті. 2023 жылдың наурыз айынан Шиелі аудандық мәслихатының төрағасы қызметін атқарып келді.

 

Бөлісу:

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

четырнадцать − семь =

АЙДАРЛАР

Басқа да мақалалар