Конституция және Білім күні қарсаңында облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың қатысуымен Шиелі ауданы, Иіркөл ауылдық округіне қарасты Жансейіт ауылында 100 орындық жаңа мектептің ашылу рәсімі өтті, деп хабарлайды «Азаттық-Ньюс» Ақпараттық агенттігі.
Салтанатты жиынға жауапты сала басшылары, еңбек ардагерлері мен ауыл тұрғындары қатысты.
Аймақ басшысы жиналған қауымды жұмысын жаңадан бастаған білім ошағының ел игілігіне берілуімен, Конституция және Білім күнімен құттықтады.
«Айтулы мерекелер қарсаңында білім мен тәрбиенің алтын бесігі – жаңа мектептің ашылуы жерлестерімізді қуанышқа бөледі. Бүгін міне, ел ағаларымен бірге салтанатты рәсімде бас қостық.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы «Сапалы білім беру – бәсекеге қабілетті, өркениетті ел болудың кепілі» деп ерекше атап өтті. Шын мәнінде, білім алуға қолайлы жағдай жасау елімізді өркениет шыңына жетелейді. Жас ұрпақтың білімді, саналы, салауатты болып жетілуіне барлық жағдай жасалуда. Екі жыл бұрын облыс бюджеті 364 млрд. теңге болса, бүгінде 733 млрд. теңгеге жетті. Бұл қаражат аймақтағы ең өзекті мәселелерді шешуге, тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға және ауқымды инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыруға жұмсалуда.
Биыл білім саласына бөлінген қаржы 262 млрд.
100 млн. теңгеге жетіп, облыс бюджетінің 35,8 пайызын құрады. Президент бастамасымен қолға алынған «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында өңірде 21 мектеп салу жоспарланған. Оның 10-ның құрылысы биыл аяқталса,
11 мектеп келер жылы пайдалануға беріледі. «Жайлы мектептің» біреуі Шиелі кентінде бой көтереді.
Сіздерді жаңа ғимараттың ашылуымен шын жүректен құттықтаймын! Бұл мектептен алдыңғы буынның ізгі жолын жалғайтын білімді, талантты шәкірттер түлеп ұшады деп сенеміз», – деді Н.Нәлібаев.
Басқосуда ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына және заманауи мектеп ғимаратының сапалы салынуына сүбелі үлес қосқан азаматтар облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.
Айта кетейік, Қызылорда қаласында «Білімді қолдау қоры» есебінен дарынды балаларға арналған физика-математика мектеп-интернатының құрылысы жүргізілуде. Өткен аптада Шығармашылық-инновациялық орталығының іргетасы қаланды.
Арал ауданы Тоқабай ауылындағы апатты мектеп және Ақшатау ауылындағы бастауыш мектептің жаңа ғимараты жеке инвесторлардың демеушілігімен бой көтеруде. Жаңақорған және Шиелі аудандарында 200 орындық Оқушылар үйі мен 50 орындық Өнер мектебінің құрылысы жүруде.
Өткен жылы облыс орталығындағы 4 мектептің орын тапшылығы мәселесі 1 850 орынға арналған қосымша ғимараттар салу арқылы шешілді. Бір жағынан қаржы үнемделді, екінші жағынан мектептер үш ауысымды оқуға көшкен жоқ.
Биыл Шиелі, Жаңақорған, Қармақшы аудандарындағы, Қызылорда қаласындағы мектептер жанынан қосымша ғимарат, асхана, спорт залы сияқты құрылыстар салынды. Облыстық бюджет есебінен 8 мектеп ғимараты күрделі жөндеуден өтті.
Бүгінде Шиелі ауданының бюджеті 15 млрд. 873 млн. теңгеге жетті. Аудандағы 39 елді мекеннің 95 пайызы, 86 мың тұрғынның 99,9 пайызы сапалы ауыз су құбырына қосылған. Халықты электр қуатымен үздіксіз қамтамасыз ету мақсатында бас қосалқы станцияны қайта жаңғырту басталды.
Биыл Ортақшыл елді мекеніне газ құбырын тартуға облыстық бюджеттен қаржы бөлінген. Осы ауыл жыл аяғына дейін газға қосылған соң аудан тұрғындарының «көгілдір отын» тұтыну көрсеткіші 80%-ға жетеді.
Шиелі кентінде «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында 30 төсектік жұқпалы аурулар бөлімінің, аурухана жанынан МРТ аппараты орналасатын қосымша блоктың құрылысы қарқын алды.