Қазалы ауданындағы Шәкен ауылында орталықтандырылған ауыз су жүйесі іске қосылды. Рәсімге облыстық мәслихат төрағасы Мұрат Тлеумбетов, облыс әкімінің орынбасары, ҚР Президентінің «Байқоңыр» кешеніндегі арнаулы өкілі Қайрат Нұртай, ауыл тұрғындары мен ардагерлер қатысты.
Шарада мәслихат төрағасы ауылдарды 100 пайыз ауыз сумен қамтамасыз ету – Мемлекет басшысы қойған негізгі міндеттердің бірі екенін атап өтті. Оның айтуынша, облыста соңғы жылдары қабылданған жобалардың арқасында қалалар мен ауылдардың басым бөлігі таза ауыз сумен қамтылған.
Рәсім барысында аға буын өкілдері мен мердігер компания қызметкерлері облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды. Ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Әзілхан Үмбетов ауыл тұрғындарының ризашылығын білдірді.
2022 жылдан бері өңірде жалпы құны 14 млрд теңгені құрайтын 60 жоба жүзеге асырылды. Соның нәтижесінде облыстың ауыз сумен қамтылу деңгейі 98,6 пайызға жетсе, биыл бұл көрсеткіш 100 пайызға жеткізіледі деп жоспарлануда.
