Қызылорда облысының денсаулық сақтау ұйымдарына жаңа санитарлық көлік алудың бастапқы жұмыстарына 100 миллион теңге бағытталуда. Бұл туралы Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың қатысуымен өткен облыстық мәслихаттың кезекті ХІІ сессиясында белгілі болды, деп хабарлайды «Азаттық-Ньюс» Ақпараттық агенттігі.
Күн тәртібінде 11 мәселе қаралды. 2024 жылға арналған облыстық бюджет нақтыланып, депутаттардың назарына ұсынылды. Аймақ басшысы денсаулық сақтау ұйымдарының санитарлық автокөліктерін жаңарту өзекті мәселенің бірі екенін айтты.
«Әкімдердің халықпен кездесулерінде тұрғындар көтеретін негізгі мәселенің бірі – облыстық және аудандық денсаулық сақтау ұйымдарын санитарлық автокөліктермен қамтамасыз ету. Бұл түйткілді өздеріңіз де бірнеше рет депутат мінберінен көтеріп келесіздер. Тұрғындардың сұранысына сәйкес былтыр облыстық бюджеттен 512,5 млн. теңге бөлініп, 25 санитарлық автокөлік сатып алынды. Дегенмен, бұл саладағы көліктердің 68,4 пайызының тозығы жеткен. Автокөлік паркін жаңарту үшін 200 санитарлық автокөлікті алудың бастапқы жұмыстарына 100 млн. теңге бағытталуда», – деді ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ НҰРЛЫБЕК НӘЛІБАЕВ.
Облыстық мәслихат депутаттары көтерілген мәселенің маңыздылығын ескеріп, қолдау білдірді.
Сессияда облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Ерлан Төралиев, облыстық экономика және қаржы басқармасының басшысы Қамбарбек Мүбәраков, облыс әкімі аппаратының басшысы Шахмардан Байманов, облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Мира Қазбекова, облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Серік Сермағамбетов, облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Ғабит Жаңабаев, облыстық мәслихат депутаты Балжан Шәменова, облыстық мәслихаттың төрағасы Наурызбай Байқадамов баяндама жасады.