Қала күні мерекесі аясында «Шексіз әлем – шектеусіз мүмкіндік» атты зағип және нашар көретін жандар арасында өткен республикалық өнер байқауы өз мәресіне жетті, деп хабарлайды «Азаттық-Ньюс» Ақпараттық агенттігі.
Өнер додасы ерекше жандарға мәдени және рухани қолдау көрсетіп, жаңа талант иелерін анықтау, өнерпаздардың шығармашылық байланыстары мен достық қарым-қатынастарын нығайту үшін ұйымдастырылып отыр.
Байқауға еліміздің түкпір-түкпірінен талантты 10 топ қатысты.
Ерекше жандар арасында өткен өнер додасында бас жүлде мен 500 мың теңге жүлде қорын Шымкент қаласының өнерпаздары жеңіп алды. I орын мен 400 мың теңге Орал қаласының командасына бұйырды. Ал, Атырау қаласының қатысушылары жүлделі II орын мен 300 мың теңге иеленді. Сондай-ақ, Жетісу мен Қызылорда облыстары III орын және 150 мың теңгеден сыйақыны еншіледі.
Сонымен қатар, барлық қатысушыларға қала әкімінің “Алғыс хаттары” мен 100 мың теңге ақшалай сыйлық табысталды.