Бүгін Өнер орталығында облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың қатысуымен Республика күніне арналған салтанатты шара өтті, деп хабарлайды «Азаттық-Ньюс» Ақпараттық агенттігі.
Оған құқық қорғау органдарының, басқарма, департаменттердің басшылары, зиялы қауым өкілдері мен облыстық мәслихат депутаттары қатысты.
Аймақ басшысы жиналған қауымды ұлттық мереке – Республика күнімен құттықтап, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуындағы жетістіктерге тоқталды.
«Баршаңызды еліміздің ең басты ұлттық мерекесі – Республика күнімен шын жүректен құттықтаймын! Ұлтымыз ұлықтаған атаулы күнді Сыр өңірі толағай табыстармен қарсы алуда.
Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы бірлік пен берекенің, өнер мен мәдениеттің құтты ұясы – Сыр өңіріне келген сапарында облысымызға дамудың үлкен перспективалары бар стратегиялық маңызды аймақ деп оң бағасын берді.
Бүгінде Президентіміздің, Үкіметтің ерекше қолдауының арқасында облыс бюджеті 744 млрд теңгеден асты. Екі жыл бұрын 364 млрд теңге болатын.
Аймақта 43 млрд теңгеге 300 шақырымға жуық автомобиль жолдары мен көпір өткелдері жөнделуде. Соңғы үш жылда жөнделген жол 1 271 шақырымға жетті. Осылайша жақсы жағдайдағы жолдардың үлесі 92 пайыздан асады.
Электр энергиясымен қамту бағытында 2022 жылдан бері
18 млрд теңгеге 70 жоба іске қосылды. Биылдың өзінде 11 млрд теңгеге 38 жоба қолға алынды. Бұл тозған желілерді 72-ден 62 пайызға төмендетеді.
Облыста 30 млрд теңгеге 11 елдімекен (Сексеуіл және Төретам кенті, Абай, Ақсу, Шәменов, Сейфуллин, Тоқмағанбетов, Алмалы, Досбол Датқа, Бестам, Төменарық ауылдары) газдандырылуда. Осы жұмыстар аяқталғанда өңірді газбен қамту көрсеткішін 75-тен 78 пайызға жеткіземіз.
Елді мекендерді сапалы ауыз сумен қамтуда 2022 жылдан бері 16 млрд 800 млн теңгенің 55 жобасы жүзеге асты. Жыл соңына дейін көрсеткіш 98,1-ден 98,6 пайызға артады. Келесі жылдың соңында облыстағы барлық елді мекенге орталықтандырылған ауыз су қосамыз.
Егемендікке қол жеткізуді аңсап, өмірін күреспен өткізген ата-бабаларымыздың асыл арманы Тәуелсіздігімізді баянды ету – бүгінгі ұрпақ үшін жауапкершілігі зор міндет. Баршаңызды Республика күнімен тағы да құттықтап, отбасыларыңызға амандық, бақ-береке, толайым табыстар тілеймін! Еліміздің өркендеуі жолындағы адал қызметтеріңіз табысты, еліміз еңселі, Тәуелсіздігіміз тұғырлы болғай!», – деді Н.Нәлібаев.
Мемлекеттік қолдау мен ұлттық жобалар шеңберінде қаржыландырудың барлық көзінен биыл 863 900 шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріледі. 2022-2023 жылдары 4 мыңға жуық пәтер табысталып, 17 мың тұрғынның баспана мәселесі шешілді.
«Болат Өтемұратов қорының» демеушілігімен Қорқыт ата әуежайының жаңа терминалы салынды. Жерлестеріміз үшін бұл – өте маңызды жоба. Жақын арада ел игілігіне табысталады. Қуаттылығы 240 мегаваттық жаңа жылу-электр орталығының құрылысы қарқынды жүруде. Нысан келесі жылы қыркүйек айында пайдалануға беріледі. Қызылорда қаласын ыстық сумен қамту жобасы оң шешімін тапты. Ол бойынша 623 көпқабатты тұрғын үйге ыстық су қосылады.
Республика күніне орай ұйымдастырылған іс-шара мерекелік концертке ұласты.