Бүгін Қызылорда қаласында Республика күніне арналған салтанатты жиын өтті. Шараға қала әкімі Нұржан Ахатов төрағалық етіп, қатысушыларды Ұлттық мерекемен құттықтады.
Мерекелік жиында қала басшысы еліміздің басты құндылығы – тәуелсіздік пен бірліктің маңызын атап өтіп, тұрғындарға ізгі тілегін жеткізді.
– Баршаңызды Ұлттық мерекеміз – Республика күнімен шын жүректен құттықтаймын! Бұл күн – елдік рухымызды көтеріп, тәуелсіздік пен егемендік ұғымдарының қадірін айшықтайтын ерекше мереке. Бүгінгі таңда Қызылорда қаласы аймақ басшысының үйлестіруімен әлеуметтік-экономикалық және мәдени бағыттарда қарқынды дамып келеді. Бұл – баршамыздың ортақ еңбегіміздің жемісі, – деді Нұржан Сәбитұлы өз сөзінде.
Еңбегі еленген азаматтар марапатталды
Мерекеге орай қоғамның әр саласында еңбек етіп жүрген бірқатар қызылордалық азаматтар қаланың ең жоғары марапаты – “Құрмет грамотасымен”, сондай-ақ облыс және қала әкімдерінің Алғыс хаттарымен марапатталды.
Олардың қатарында білім, мәдениет, денсаулық сақтау, мемлекеттік қызмет және кәсіпкерлік саласында үздік еңбек етіп жүрген жандар бар. Бұл марапаттар – туған өлкенің өркендеуіне сүбелі үлес қосқан азаматтарға көрсетілген құрметтің айғағы.
Мемлекеттік қызметшілер ант қабылдады
Салтанатты жиын барысында жас мемлекеттік қызметшілер ант қабылдап, ел игілігі жолындағы жауапты қызметтерін бастады.
Қала әкімі жас мамандарға сенім білдіріп, оларға табыс пен төзім тіледі.
– Мемлекеттік қызмет – абырой мен жауапкершілік жүгін қатар арқалайтын ерекше сала. Сіздердің әрбір бастамаңыз, әр шешіміңіз – халық мүддесіне бағытталуы тиіс. Еңбектеріңізге сәттілік тілеймін, – деді шаһар басшысы.
Рух пен бірлік мерекесі
Жиын соңында қатысушылар Мемлекеттік Әнұранды орындап, тәуелсіз елдің болашағына сенім мен мақтаныш сезімін білдірді.
Мереке аясында қала бойынша түрлі мәдени іс-шаралар, көрмелер мен концерттер ұйымдастырылып, тұрғындарға көтеріңкі көңіл күй сыйлауда.
Қалалық әкімдіктің мәліметінше, Республика күніне орай жоспарланған мерекелік шаралар апта бойы жалғасып, Қызылорданың барлық аудандарында өтеді.
