Қызылорда облысына ҚР Энергетика вице-министрі Әлібек Жамауов келді, деп хабарлайды «Азаттық-Ньюс» Ақпараттық агенттігі.
Өңірімізге іс-сапар барысында вице-министр мұнай-газ және энергетика салаларын дамыту бойынша мәжіліс өткізіп, өңіріміздің бірқатар өзекті мәселелерінің шешілу жолына үңілді. Сондай-ақ келелі кездесуде тұрғындар тарапынан туындаған түрлі сұрақтарға тұшымды жауап берді. Өз баяндамасында аймақтың отын-энергетикалық кешенінің қазіргі жағдайы туралы сондай-ақ газ инфрақұрылымын іске асыру, электрмен жабдықтау, жылумен жабдықтау және халықты мұнай өнімдерімен және сұйытылған мұнай газымен қамтамасыз ету сынды мәселелердің маңызын ашып берді.
“Айтылған барлық мәселелер Үкіметтің тұрақты бақылауында екеніне Сіздерді сендіргім келеді. Біз осы міндеттерді толық және уақтылы шешу үшін бар күшімізді саламыз. Сонымен қатар «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру аясында «Е-өтініш» электрондық жүйесі құрылғанын атап өткім келеді. Бұл азаматтардың барлық өтініштерін қабылдаудың және өңдеудің бірыңғай платформасы болып табылады. Сондықтан туындаған мәселелер бойынша Сіздердің осы жүйе арқылы жүгінуге мүмкіндіктеріңіз бар”,- деді Әлібек Жұмабекұлы.