«Ягодка», «Пищевик» саяжайлары мен Талсуат ауылдық округынан қалаға қатынап оқитын оқушылардың жағдайы жаңа жылдан бастап қиындай түсті, деп хабарлайды «Азаттық-Ньюс» Ақпараттық агенттігі.
Қызылорда қаласының маңында 80-нен астам саяжай бар. Кейбірі шаһардан алыс орналасқан. Сондай саяжайлардың бірі – «Ягодка» саяжайы. Мұнда жаңа жылдан бастап оқушыларды қаладағы мектепке таситын көліктің жұмысы тоқтапты. Саяжай тұрғындары балаларымыз жаңа оқу тоқсан басталғалы әбігерге түсті деп отыр. Жағдайы көтеретіндер таксимен жүрсе, жағдайы жоқ жандар уақытылы жүретін қоғамдық көлікті күтуге мәжбүр.
– Перевозка тоқтады. Балаларымыз таксимен қатынайды, трассаның бойына барып. Саяжайға келетін автобустар тым ескі, көп бұзылады. Ұл-қыздарымыз сабаққа кешігіп барады – дейді саяжай тұрғындары.
Екі саяжай мен ауылдық округтың 86 оқушысы қаладағы №9 мектеп-гимназиясына қатынап оқиды. Білім ордасының директоры тасымал тоқтап тұрғанын растады. Айтуынша мектептің өзіндік автобусы жоқ көрінеді. Сол себепті мемелкеттік сатып алу порталы арқылы көлдік жалдап отырған екен.
– 12-ші қаңтарда тендер жеңімпазы белгілі болады. Сонымен 5 күннің ішінде электронный подпись қояды екі жақ. Маршрут сосын жұмыс жалғастырады. Біз білім басқармасына перевозка жөнінде алдын-ала хат жаздық. Бірақ мемлекеттік сатып алу процедурасы бюджетке ақша қойылмайынша біз мемлекеттік сатып алу порталына жария алмаймыз. – дейді БАТЫРБЕК ӘБИЕВ, №9 МЕКТЕП-ГИМНАЗИЯСЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ.
Мектеп директоры бұл саяжайдың оқушылары сонау 1984 жылдан бері қалаға қатынап оқитынын жасырмады. Саяжайларды қамтып отырған білім ордасының әлі күнге дейін өзіндік тасымалы жоқ. Басшы бірнеше мәрте қалалық білім бөліміне қоғамдық көлік сұрап өтінім бергенін де сөз етті. Алайда әзірге еш нәтижесіз көрінеді.