«Бәйтерек» шағын ауданындағы білім ұясының құрылысы 4 айдан бері тоқтап тұр. Негізі мектеп былтыр тамыз айында пайдалануға берілуі керек болған. Алайда мердігер бюджет қаражатын жеткізе алмай әлекке түсіпті, деп хабарлайды «Азаттық-Ньюс» Ақпараттық агенттігі.
Тұрғындар Бәйтерек шағын ауданына 7 жыл бұрын қоныстана бастаған. Содан бері мыңдаған отбасы көшіп келсе де бір де бір білім ұясы жоқ. Ал көпшілік көптен күткен мектеп келісімшарт бойынша былтыр қолдануға берілуі тиіс еді. Алайда мұнда аула жұмыстарынан бөлек, оқуға қажетті парта, тақта мен қажетті құрал-жабдықтар да алынбапты. Сондықтан тұрғындар 4 айдан бері құрылысы тұралаған нысанның жаңа оқу жылына дейін пайдалануға берілетініне күмәнмен қарайды.
“Жерді бергенде 5 мектеп, 3 балабақша болады обещанный. Әлі жоқ. Бір мектептің өзі әлі салынып жатыр. Құрылысы міне төртінші жылға кетіп бара жатыр. Сиқы мынау, көріп тұрғандарыңыздай. Біз қаншама арыз жазып жатырмыз. Қаншама әкімдікке бардық”, – дейді тұрғын Айсұлу Алтыбасова.
“Сумкасын арқалағаннан азанғы сағат 7-де кетеді, кешкі сағат 7-де бір-ақ тастайды ғой. Біреуі түстен кейін, біреуі түсте бітеді. Екеуі бір-бірін күтіп жүргенде кешкі 7 болады. Сонда менің балаларымның бар өмірі маршруттың ішінде өтіп тұр ғой”, – дейді тұрғын Дархан Иманқұлов.
Ал жауапты басқарма өкілдері қазір мектептің жөндеу жұмыстары 97 пайызға аяқталған дейді. Осы бір айдың ішінде құрылысты толық аяқтап, бірінші қыркүйекте балаларды қабылдаймыз деп сендіреді.
“Бірінші қалалық құрылыс бөлімі арқылы басталды. 2021 жылы білім саласындағы бюджеттік сыныптамаға өзгеріс енгізіліп тапсырыс беруші ауысты құрылыс басқармасына. Сол уақытқа 8 ай кетіп, 2021 жылдың қыркүйек айынан бастап құрылыс жұмыстары жалғасты. Қыркүйек айында аяқтауға толық мүмкіндік бар”, – дейді құрылыс басқармасының өкілі Қуаныш Өтегенов.
Ал мердігер мектеп құрылысының аяқсыз қалуын басқаша түсіндіреді. Айтуынша білім ұясын салуға 1,5 миллиард теңгеден аса қаражат кеткен. Ал бюджет есебінен соның тек 1 миллиард теңгесі ғана бөлініпті. Сондықтан қалған қаражатты өз қалталарынан шығаруға мәжбүр болған. Тіпті құрылысшыларының өзіне 14 миллион теңге қарыз мердігер енді бір айда мектепті толық аяқтау үшін тағы да шығынға шаш етектен бататын болдық дейді.
Автор: Абай Нұржанұлы